Павлодарлық археологтар Ұлытаудан табылған артефактілерді зерттеуде

Павлодарлық археологтар Ұлытаудан табылған артефактілерді зерттеуде
фото: Фото: Марғұлан университетінің баспасөз қызметі

Бұл жәдігерлер – Болған ана кесенесінен табылған шапан мен Талмас ата кесенесінен табылған  етік.  

Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖОО жанындағы археологиялық зерттеулер институтының «Ұмай» мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зертханасының ғалымдары өткен жылы бірқатар тарихи мұраларды зерттеу және насихаттау жұмыстарына қатысты. Соның бірі - Алтын Орда дәуіріне жататын Талмас ата кесенесінен табылған тарихи киімдерді реконструкциялау туралы жобасы.

«Ұмай» халықаралық зертханасының меңгерушісі Татьяна Крупаның айтуынша, Талмас ата кесенесінен табылған археологиялық жәдігерлер әлемдік археологиялық қауымдастық үшін маңызды тарихи олжа саналады. Бұл жәдігерлер археолог А.Қасеналиннің Ұлытау аумағындағы қазба жұмыстары нәтижесінде анықталған.

– Талмас ата кесенесі Алтын Орда дәуіріне жатады. Бұл Ұлытау аумағында орналасқан. Зерттеушілер осы кесенеде жерленген адамды Болған ана кесенесімен туыстық қатынасы бар деп байланыстырады. Ал оның шапаны бірнеше жылдан бері осында сақталған. Қазір сол шапан бойынша консервация (ұзақ уақытқа сақтау) жұмысы жалғасуда, – дейді ол.

Татьяна Крупа өткен жылы Польшаның Варшава университетінде және Данияның Копенгаген университетінде өткен халықаралық конференцияларда Қазақстан мен Украина аумағындағы Алтын Орда артефактілерін зерттеуге арналған және Болған ана кесенесінен табылған шапан туралы жеке баяндамалар жасады.

Талмас ата кесенесінен табылған материалдардың ішіндегі тағы бір ерекше жәдігер – ер адамның етігі. Оның айналасынан Талмас Ата кесенесінде жерленген адамның бейнесі бар деген тұжырымдама жасалған. Содан кейін ежелгі етіктердің көшірмесін жасау жұмыстары жүргізілді. Болашақта аталған жәдігерлерді консервациялау жұмыстары жоспарланып отыр.

Қазба жұмыстарынан табылған етіктің өкшесі мен табанынан басқа бөлігі толық сақталған. Тіпті, сақталған бөліктерде қазіргі қазақ ою-өрнегіне өте ұқсас қызықты декорларды көруге болады. Татьяна Крупа мұны Алтын Орда дәуірінің технологиялары мен киім дәстүрлерінің сабақтастығы деп санайды.

@Pavlodarnews.kz