Павлодар тұрғыны "тәуіпке" 119 млн теңге берді

Павлодар тұрғыны "тәуіпке" 119 млн теңге берді
фото: https://sputnik.kz

Павлодарлық әйел отбасын бақытты ету үшін тәуіпке 119,5 миллион теңге берген. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс Павлодардың 2-нші сотында қаралды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сотталушы әйел бойында дәстүрлі емес жолмен емдейтін тылсым күш барына сендіріп, 2019 жылдың наурызынан 2020 жылдың тамыз айы аралығында жәбірленушінің 119 миллион 480 мың теңге ақшасын иемденіп алған. Бұл ақшаға алаяқ тәуіп оккультизм саласында арнайы рәсімдер өткізіп, жәбірленушінің отбасын бақытты, бизнесін бақуатты "еткен".

Прокурор сотталушыны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурордың бұл шешімімен жәбірленуші де келіскен. Алайда алаяқ тәуіп өз кінәсін мойындамай, соттан керісінше ақтап алуды өтінген. Мұндай қылмыс үшін заңда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот алаяқ тәуіпті бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда сотталушының бұрын сотталмағанын, үш баласы барын ескеріп, тағайындалған жазаны 5 жылға, яғни 2028 жылдың 9 ақпанына дейін кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 119 миллион 480 мың теңге көлеміндегі залал өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қазақпарат