Павлодар облысында дауылдан екі ғимараттың шатыры ұшып кетті

Павлодар облысында дауылдан екі ғимараттың шатыры ұшып кетті
фото: sputnik.kz

Павлодар облысы Екібастұз қаласына қарасты ауыл мектебі мен қазандықтың шатырын қатты соққан жел жұлып әкетті, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдай 19 маусымда болған.

"Сағат 19.06-да қатты желдің салдарынан (екпіні секундына 17 метрге дейін) 100 шаршы метр алаңда Бозшакөл ауылындағы орта мектептің шатыры ұшып кетті. Сондай-ақ осы ауылдың орталықтандырылған ауылдық қазандығының шатырын да жұлып әкетті", - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.

Айта кетейік, Қарағандыда да қатты соққан жел ойын алаңындағы жасанды төсенішті жұлып кетті. Салдарынан екі бала зардап шекті. Ал Астанада қатты соққан жел салдарынан екі бірдей кран құлады.

Синоптиктер Қазақстанда алдағы үш күнде жел күшейіп, жаңбыр жауатын айтқан болатын.

Қазақпарат