фото: Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан
Павлодар облысында мас күйде қайта көлік тізгіндеген азамат өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлады Polisia.kz.
5 тамызда Шарбақты ауданының 45 жастағы тұрғыны Жаңа ауыл ауылында мас күйде көлік жүргізген. Салдарынан ауылға кіреберісте жол жүру қауіпсіздігін сақтамай, жол апатын жасаған. Жәбірленушінің Mitsubishi Outlander көлігі зақымданды. Ер адам осындай құқық бұзушылық үшін бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. 2021 жылдың сәуірінде ол жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Осы факті бойынша Шарбақты ауданының полициясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
"Сотта ер адам көлік жүргізу құқығы жоқ екенін, әйелі көліктің кілтін алып қойғанын мойындады. Алайда бұл оны тоқтатпаған, көрші ауылға бару үшін сымды жалғап, автокөлікті оталдырған", – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
26 қазанда аудандық соттың үкімімен ауыл тұрғыны төрт жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар сотталған жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық залалды төлейді.
Айта кетері, жыл басынан бері Павлодар облысында осындай 76-дан астам факті тіркелген. Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және мас күйінде жүргізген адамның көлік құралын жүргізгені үшін әрқайсысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через