Пәтер алу неге қиындап барады?

Пәтер алу неге қиындап барады?

Тұрғын-үй құрылысы саласында еңбек етіп жүрген мамандар азаматтарды баспанамен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігін қайта қарау керек деген пікірлерін алға тартып отыр. Өйткені бұл бағдарламаның үстемақысы қымбат, пәтерге мұқтаждардың қалтасы көтермейді әрі бағдарламаға ілігу де өте қиын.

Қазақстан құрылысшылары ел тұрғындарының бәрі бірдей баспаналы болатынына сенімсіз. Үйдің құны шарықтап, күнкөріс деңгейі төмендей берсе, алдағы уақытта баспанаға қол жеткізу тіпті қиындауы мүмкін.   

Мысалы, халыққа, дәнекерлеушіге, көше сыпырып жүрген адамға тиімді қандай бағдарлама керек? Бірден айтайын, айлығы мен шайлығына жетіп, көбінесе қарапайым халық қиналады. Бастапқы жарна жинау. Үйдің 20 пайызын, 50 пайызын жинаймын дегенше, үй бағасы өсіп кетеді. Мысалы, «Отбасы банкте» жинап жатыр. Енді жинаймын десе, 15 миллионға тұрған үйі, бір жылдан, екі жылдан кейін 25 миллион болады. Дүйсен Оспанов, баспана сарапшысы.

Қазір баспанаға мұқтаж жандардың жартысынан көбі бірде-бір бағдарламаларға іліге алмайды. Өйткені бәрінің мойнында кредиті бар. Сондықтан мамандар салымшы арасында кең таралған «7-20-25» бағдарламасының алгоритмін өзгертуді ұсынып отыр. Өйткені қазір 20 миллионға бір бөлмелі ғана пәтер тиеді. Оның жөндеу жұмысы тағы бар. Сәйкесінше, беретін сома көбейтіліп, несие төлеу жылы да 35 жылға дейін ұзартылсын дейді.

Құрылыс материалдарының жартысынан астамы да шетелден жеткізіледі. Отандық кәсіпорындар, басқасын айтпағанда, ішкі нарықты цемент, тас, кірпішпен де толық қамтамасыз ете алмай отыр. Әлемдегі геосаяси жағдайда тасымалға кері әсер еткен. Бұның салдары баға тұрақсыздығына әкеп жатыр.

Жастар көп. Ауылдан келіп жатқандар, өндірісте істеп жатқандар, қара жұмыс істеп жатқандар, құрылыста істеп жатқандар. Олар бірде-бір бағдарламаға ілікпейді. Олар қайдан қара жұмысқа барады? Қазір құрылысшылар мына аязда кірпіш қалап жатыр, бетон құйып отырған – жастар. Ешбір бағдарламаға ілінбейді.  Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы.

Фото: smartprogress.do