Өзбекстандықтарға Алматының көрікті жерлері таныстырылды

Өзбекстандықтарға Алматының көрікті жерлері таныстырылды
фото: inform.kz

Өзбекстан астанасында Алматының туристік мүмкіндіктері таныстырылған роуд-шоу өтті.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов құттықтау сөзінде туризм екі елдің экономикалық өсімі мен қазақ және өзбек халықтарының мәдени бірлігінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі екенін атап өтті. Туризм мүмкіндіктерін дамыту үшін екі елдің туризм секторы өкілдері арасында тікелей байланыс орнату қажет.

«Бұл іс-шара өзбек компанияларының Қазақстанның туристік әлеуеті туралы көбірек білуі үшін ұйымдастырылған. Алматы әсіресе танымдық, мәдени, экологиялық және іскерлік туризмді ұнататын туристерді қызықтырады. Мәселен, тұрғындар «демалыс күнгі туризм» сияқты бағытқа қызығушылық танытады, ол – шопинг-туризм, гастрономиялық туризм, медициналық туризм және тау туризмі. Маман ретінде сіздердің туристік пакеттерді жасап, қызығушылық танытқан азаматтарға ұсына алатындарыңызға сенімдімін», – деді Бейбіт Атамқұлов.

Алматы қаласы әкімдігінің туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбіхан қонақтарға елдің қаржы, экономикалық, мәдени және жастар орталығы саналатын оңтүстік астанасының туристік-инвестициялық әлеуетінің тұсаукесерін ұсынды.

«Біз Өзбекстаннан келетін туристердің қызығушылығы үнемі артып отыратындықтан, бұл шараны Ташкентте өткізуді ұйғардық. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана Алматыға 120 мыңға жуық шетелдік турист келді, оның 18 мыңы – Өзбекстаннан келген қонақтар. Бүгін өзбек астанасының туризм индустриясындағы әріптестермен кездесу өтті. Біз өзбек әріптестерімізді Алматының туристік әлеуетімен танысу үшін гастрономиялық, экологиялық, тау фестивальдеріне, қонақүй форумдарына және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуға қызықтыруды жоспарлап отырмыз. Бұл туристер ағынының артуына ықпал етеді», - деді журналистерге берген сұхбатында Еркебұлан Әбіхан.

photo

Роуд-шоу аясында Қазақстан мен Өзбекстанның туристік секторының өкілдері B2B форматындағы кездесулерде ынтымақтастықты кеңейтуді ң өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, бірлескен туристік өнімдерді дамыту және ілгерілету саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, бізді тарихи тұрғыдан түсінікті ортақ мәдениет байланыстырады. Біздің компания туристік индустрия нарығында 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Біз қазақстандық қонақтарға, атап айтқанда, Алматы қаласынан Өзбекстанға тұрақты турлар ұйымдастырып келеміз. Бүгін тұсаукесер барысында Алматыға тезірек келуге ниет білдірген фантастикалық орындарды көрдік. Енді гастрономиялық, экологиялық, таулы, тарихи-мәдени туризм аясында өзбектерге арналған туристік турларды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі шара өзбек туроператорлары үшін жол ашады, біз қазақстандық әріптестерімізбен ұзақмерзімді және тиімді ынтымақтастық орнатуды асыға күтеміз», - деді Nasibtour туристік компаниясының өкілі Назима Юзуфбекова.

photo