Өз-өзіңді жақсы таный білесің бе ?
Адамның өз қабілеті мен білігін «беске» танығаны ең алдымен өзіне керек. Себебі қызмет сатысында көтерілуі, мақсаттарына тезірек жетуі, өнімді өмір сүруі тікелей соған байланысты. Талантын танымай жүрген адам жетістікке жетер жолда жаңылысып, болмаса қысқа жолдың орнына ұзағына түсіп алуы мүмкін. Әсіресе соңғы кездері қарым-қабілет мәселесіне көпшілік баса мән бере бастады. Осыған орай мықты тұстарыңызды танытуға көмектесетін тесттердің үздік төрттігін назарыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Gallup Clifton Strengths
Қазақстанда Gallup Clifton Strengths туралы бүгінде жиі сөз қозғалатын болып жүр. Алғашқы кітаптар жазылып, анализ жасаушы мамандар да пайда болып жатыр. Құрастырушы — Gallup институты ондаған жылдар бойы түрлі саладағы шеберлікті анықтау мақсатында жүйелі сұхбаттар ұйымдастырып келді. Бүгінде атқарылған сауалнамалардың саны 2 миллионнан асып жығылыпты. Міне, сол интервьюлердің жауаптары негізінде зерттеушілер адам таланттарының ең кең таралған 34 түрін таңдап алған. Сол арқылы тест жасап шықты. Сынақтан өткеннен кейін қандай қабілетіңіз басым екенін ғана емес, оны өмірде және қызметте қалай қолдануға болатыны туралы да түсіндіріледі.
Адам қасиеттері тестте мынадай төрт түрге бөлінеді:
- Executive (орындаушы);
- Influencing (басқаларға ықпал ету);
- Relationship building (қарым-қатынас құру);
- Strategic thinking (стратегиялық ойлау қабілеті).
Тесттен өтетін болсаңыз, соңында сіздің ең мықты 5 талантыңыз анықталады. Мысалы, «жетістік» деген қасиетті алайық. Егер сізде осы басым болса, демек жетістікке ұмтылу арқылы сіз өзіңізді алға жетелейсіз деген сөз. Яғни мұндай адамға үнемі жетістікке жетіп отыру қажет. Күнде оянған бойда ол құндды өмірге жаңадан келіп, нөлден бастап жатқандай болады. Ал әр күннің соңында ол адамның жеткен бір жетістігі болып, өзіне көңілі толуы маңызды. Тестті онлайн өтуге болады. Ағылшынша білмесеңіз, жауаптарға орыс тілінде жауап бере аласыз. Жалпы алғанда 40-50 минуттай уақыт алады. Артынша электронды поштаңызға нәтижеңіз жолданады. Бағасы — 49 доллар. Егер нәтижесін тереңірек талдатқыңыз келсе, сарапшылар табуға болады. Онлайн не офлайн кеңес беретін мамандар бар. Соның ішінде, қазақ сарапшылар да табылады.
JobEQ
JobEQ компаниясының сауалнамасының көмегімен адамның қалауын анықтауға болады. Яғни оның басты мотивациясы және құндылығы тұрғысынан дөп табады. JobEQ сауалнамаларының екі негізгі түрі бар: iWAM (Inventory for Work Attitude and Motivation) және VSQ (Value Systems Questionnaire). Алғашқысында жұмыс пен мотивациясына қатысты анализ жасалады. Анықтау үшін метабағдарламалар мен когнитив ойлау стиліндегі модельдер қолданылады. Осылайша 48 параметрден тұратын метабағдарлама 16 категория бойынша өлшеп, еңбек жолында адамның қаншалықты жетістікке жете алатынын шамалайды. Екінші сауалнамада 18 параметр бар. Мұнда спираль динамика модельдері, құндылық жүйесінің 8 паттерні, әлеуметтік ауыспалы 10 паттерн қолданылады. Тест нәтиесінде адамға қандай ұжымдық мәдениеттің көбірек келетіні анықталады. Мысалы, бастама — рефлексия және шыдам деп анықталды делік. Егер сіз бүкіл істің басында жүретін адам болсаңыз, демек проактив, бастамашыл, әлдебір істің болуына ықпал етуші, бірінші болып қадам жасаушы адамсыз. Ал енді шыдамды болсаңыз, демек сіз бәрін жақсылап ойланып барып, содан кейін ғана қадам басасыз. Немесе мәселелерді шешу — мақсатқа бағыт алу. Егер сіз проблема шешетін адам болсаңыз, онда алда тууы мүмкін мәселелерді алдын-ала біле аласыз. Сөйтіп оны болдырмау үшін айналма жолдарды білесіз. Ал енді мақсатқа бағыт алуға бейім болсаңыз, онда нәтижеге жеткенде шаттанып, басқалары да сізді сол нәтижелеріңіз бен қабілеттеріңіз үшін бағалайды деп үміттенесіз. Бұл тестіні де онлайн тапсыруға болады. Сертификатталған мамандар арқылы өтетін кезде орысша өте аласыз. Әрі ол жерде кеңес беру де қосылады. Әр сауалнама түріне шамамен 20-30 минут кетеді.
Hogan
Hogan компаниясы психология және психодиагностика саласында ғылыми зерттеулер жасаумен айналысады. Hogan бағалауы — негізгі іскерлік компетенциялар бойынша жүргізілетін тәуелсіз онлайн тестілеу. Мұнда сауалнаманың үш түрі бар. Жалпы алғанда 600-ге жуық сұрақтан тұрады.
- Жеке бас (Hogan Personality Inventory). Адамның мықты жақтарын анықтап, респондентті басқалар қалай қабылдайтынын, адамның өзін-өзі қалай көретінін анықтауға көмектеседі.
- Даму (Hogan Development Survey). Адамның жеке басының жасырын жақтарын немесе деструкторларын анықтайды. Яғни күйзеліс кезінде, ашу үстінде өз-өзін қалай ұстайтынына қарап белгілі бола түседі.
- Мотивация (Motives, Values and Preferences Inventory). Адамның құндылықтарына, қалауын, мотивтерін бағалайды.
Бұл сауалнаманың көмегімен өзіңіздің мықты тұстарыңызды, дамуға мүмкіндік мол жерлерді, ішкі мотиваторларды анықтауға болады. Бұл тестіні де онлайн тапсыра аласыз. Соңынан маманның кеңесі беріледі. Әр сауалнамаға шамамен 20 минут кетеді. Ағылшын және орыс тілдерінде тапсыруға болады.
Коучинг/коучиң
Коучиңде жетістік тарихы деген құрал бар. Яғни клиентке кезек-кезек бастан өткерген оқиғаларын еске түсіру деген тапсырма беріледі. Кем дегенде жеті оқиға болуы керек. Яғни шешу жолы қиын болған сәттерді еске түсіресіз. Кейін сол әрбір оқиға белгілі бір алгоритмдер бойынша талданады. Мысалы, клиентке нақты қандай қиындық болғанын еске түсіру керек. Кейін ол кезде сол мәселені шешу үшін нақты қандай қадамдар жасағаны сұралады. Осыдан соң коуч клиентпен бірге нәтижесінде қандай қабілет көрінгенін, оның адам үшін қаншалықты маңызды екенін сараптайды.
Мұның артықшылығы сол — қиындықты еңсеру үшін ол адамның не істегеніне қарап, сол жолда сәтті өтуге көмектескен қабілеттері анықталады. Әдетте, 4-5 оқиғаны еске алған соң, клиенттің өзі де қабілеттерін түсіне бастайды. Бәлкім, ол қабілетін бұрын-соңды білмей не аса бағаламай жүрген болар.
Мұндай тесттер не үшін керек?
«Өзімнің жақсы тұсымды өзімнен артық кім білуі мүмкін?» деп ойлау заңдылық. Дегенмен кәсіби тұрғыда өсу үшін кей жасырын қабілеттерді ашу қажет болады. Мұндай сауалнамалардың артықшылығы сол — жұмысты не нәрсені жақсы істейсіз, қай жерде кемшілігіңіз бар, нені дамыта түсу керек — түсінесіз. Мысалы кей адамдар тапсырманы оп-оңай, күліп жүріп орындайды. Ал енді бірінің иығына ауыр жүк болып тұрады. Сондықтан карьераны жасау кезінде ескеру керек жайттарды анықтауға осындай тесттер көмектеседі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через