Француз жазушысы Анни Эрно жеке естеліктер мен әлеуметтік теңсіздікті зерделеуге арналған автобиографиялық кітаптарындағы «батылдығы мен шыншылдығы» үшін бейсенбі күні әдебиет саласы бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығын иеленді.
Өздерінің бұл таңдауын түсіндірген Швед академиясы 82 жастағы Эрноның «жыныс, тіл және тапқа қарай өзара қатты ерекшеленетін өмірді жүйелі түрде әрі әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастыратынын» мәлімдеді. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш француз әйелі Эрно бұған дейін «жазушылық – әлеуметтік теңсіздікке біздің көзімізді ашатын саяси әрекет» екенін айтқан болатын. Академия өкілдерінің сөзінше, «осы мақсатта ол қиял пердесінің парша-паршасын шығару үшін тілді пышақ ретінде қолданады».
Ол Les Armoires Vides атты алғашқы романын 1974 жылы жазған, бірақ 2008 жылы Les Années романы (2017 жылы The Years болып ағылшын тіліне аударылған) жарыққа шыққан соң ғана әлем оны тани бастады.
«Бұл – оған халықаралық бедел, көп оқырман және әдебиеттегі шәкірттер әкелген оның ең табысты жобасы», – дейді академиядағылар осы кітап турасында.
Академия өкілдерінің сөзінше, онда Эрно өзінің жеке спонтанды естеліктерін үшінші тараптың ұжымдық естеліктерімен алмастыру арқылы жеке естелік пен ұжымдық естелікті біріктіреді.
Францияның солтүстігіндегі Нормандияда қарапайым дүкенші отбасында дүниеге келген Эрно өзі шыққан жұмысшы тапқа деген адалдығын сақтай отырып, француз буржуазиясының қағидаттары мен әдеттерін шама-шарқынша үйренуге тырысқаны жөнінде бүкпесіз, ашық жазады.
«Бұл – ол жүріп өткен ұзақ жол. Ол батыл әйел», – дейді Швед академиясының мүшесі Андерс Олссон.
«Сойып салардай шыншыл...»
1960 жылдары Францияда аборт жасату заңсыз болған шақта Эрноның бұл тәжірибені бастан кешкені жайлы 2000 жылы жазылған «Happening» романы бойынша түсірілген фильм 2021 жылы Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстан» жүлдесін алды.
«Ол кезде 22 жылдан кейін аборт жасату құқығы көптің талқысына түседі деген ой басыма кіріп те шықпаған. Ақтық демім үзілгенше, мен әйелдердің ана болғысы келе ме, жоқ па – соны таңдай алу құқығы үшін күресемін», – деген болатын Эрно Парижде журналистерге берген сұхбатында.
Эрно сондай-ақ соңғы жылдары Еуропа елдерінде ультраоңшылдар жаулап алған саяси билік мәселесін де қозғап, «ультраоңшылдар тарихта ешқашан әйелдерге әділетті болмаған» деген пікір айтады.
Академия мүшелерінің айтуынша, 23 жастағы кейіпкердің аборты туралы бейтарап баяны оның еңбектерінің ішіндегі шоқтығы биік шедевр болып қалады.
«Бұл – сойып салардай шыншыл жазылған мәтін, онда жақша ішінде автор өзіне және оқырманға арнап пайымын ашық жеткізеді», – дейді академия өкілдері.
Ұлыбританиядағы Линкольн университетінің ағылшын тілі және журналистика кафедрасы меңгерушісі Джейсон Уиттейкер аталмыш сыйлық «әлі де ерлер үстем салада жиі ұмыт қалатын әйелдер автобиографиясы жанрына көпшіліктің назарын көбірек назар аудартуы керек» деп санайды.
Оның сөзінше, поляк жазушысы Ольга Токарчук 2018 жылы осы сыйлықты иеленгенде, Эрноның шығармашылығына деген ағылшынтілді оқырмандар қатары артқан.
«Ол мемуарлық және автобиографиялық еңбекке үлкен үлес қосты. Әйелдер мемуарларындағы инновация мен қызықты тәсілдерді әдебиет сахнасына шығару шынымен маңызды», – дейді Уиттейкер.
Әйелдер құқығы
Эрно 31 жыл бойы жұмыс істейтін америкалық Seven Stories Press баспасы оның ең соңғы Getting Lost атты кітабының ағылшынша аудармасын Нобель сыйлығын алардан екі күн бұрын ғана басып шығарған, енді автордың басқа да бірнеше соңғы еңбегін жариялауға асық.
Seven Stories Press баспагері Дэн Саймон өзінің мәлімдемесінде Эрноның «жылдар бойы өзін әйел ретінде, француз жұмысшы табының өр мінезді өкілі ретінде танытқанын» айтады.
Оның пікірінше, Эрноны марапат иесі ретінде таңдай отырып, Швед Академиясы «өзінің сексуалды өмірі, әйелдер құқығы, өзінің әйел ретіндегі тәжірибесі мен сезімталдығы хақында ұялмай жазатын» авторларға қолдау білдіріп отыр.
Францияның бұрынғы мәдениет министрі Розелин Бачелот Twitter парақшасында «Эрно – өз мансабының негізі ретінде суыққанды сараптау стиліндегі автобиографияны таңдаған жазушы. Оның саяси көзқарастарымен келіспеуге де болады, бірақ оның әрі тегеурінді, әрі әсерлі еңбегі атап өтуге әбден лайық» деп жазды.
Нобель сыйлығы
Бұл сыйлық швед химигі және инженері Альфред Нобельдің өсиеті бойынша 1901 жылдан бастап ғылым, әдебиет және бейбітшілік саласындағы жетістіктер үшін беріледі. Жүлде қоры 10 млн швед кронын (915 000 АҚШ доллары) құрайды.
Әдебиет саласы бойынша бұл марапатты былтыр танзаниялық жазушы Абдулразак Гурнах иеленген.
Кейбір Нобель сыйлықтары негізгі әдеби жанрлардан алыс жазушыларға, атап айтсақ, 1927 жылы француз философы Анри Бергсонға, 1953 жылы Ұлыбритания премьер-министрі Уинстону Черчилге, 2016 жылы америкалық әнші Боб Диланға берілген.
Франциялық оқырмандар Эрноның бұл жеңісін алдын-ала сезген секілді. «Анни Эрноның еңбектеріндегі маған ұнаған тұсы – оның қандай таптан шықса да, қиындықтарды еңсеріп, қалай табысқа жеткенін баяндауы», – дейді 48 жастағы оқырман Мари Руассон.
Эрноның айтуынша, бұл жеңістің жақсы да, жаман да жағы бар.
«Мен Нобель сыйлығын алғым келмейді деп әркез айтушы едім. Өйткені оны алған соң, осы марапат сенің есіміңмен үнемі қатарласып жүретін болады. Соның кесірінен адам әрі қарай дамымай қала ма деп қорқамын», – дейді ол ағынан жарылып.
REUTERS
Ағылшын тілінен аударған
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через