Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?

Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?
фото: https://kursiv.kz

Жаңа электронды жүйенің игілігі неде?

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды. ОЦК «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған, ол жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және басқа да түрлі ақпарат қамтылған.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде ОЦК-да Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі, ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда ОЦК жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді.

Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады.

ОЦК 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылды. Апробация кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін барлығы 56,9 мың SMS-хабарлама жіберіліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа қолдау шаралары көрсетілді.

Қазіргі таңда ОЦК-да жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі берілген:

Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;

Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;

Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;

Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;

Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар;

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар;

«Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар;

Атаулы әлеуметтік көмек.

Сондай-ақ, азаматтарға ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі.

Отбасының цифрлық картасы – мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген отбасының базасы. Ол әрбір отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейіне қарай мемлекеттік кепілдік түрлерін алу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Мәселен, бір жасқа толмаған баласы бар отбасы бала тууы бойынша берілетін жәрдемақы алуға құқылы. Кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасы бала 18-ге толғанша ай сайын жәрдемақы алады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы ала алады. Осындай мысалдар өте көп. 

Отбасының цифрлық картасын енгізу мемлекет тағайындаған жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни төлем алушының өтінішін күтпей беруді көздейді.

Отбасының цифрлық картасының жұмыс алгоритмі келесі тәсілмен жүзеге асырылады – мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасына Еңбек министрлігінен SMS-хабарлама жолданады. Онда азаматтың мемлекеттік кепілдік алуы мүмкін екені жазылған. Бұдан бөлек, SMS-хабарламада азаматқа мемлекеттік кепілдікті проактивті форматта тағайындауға келісу немесе келіспеу құқығы беріледі. Егер азамат келіскен жағдайда, онда оған жәрдемақы тағайындалады. Ол кейін төлем алушының шотына түседі.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бұл құрал әлеуметтік қауіп-қатер аймағындағы отбасыларды жедел анықтауға және оларға қажетті қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді.

«Жүйе мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен деректерді жинайды, соның негізінде табыс, денсаулық, білім, тұрғын үй және әлеуметтік жағдайлар сияқты белгіленген критерийлер бойынша отбасының әл-ауқатын бағалайды. Бұл отбасылардың қажеттіліктерін автоматты түрде анықтауға және оларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», дейді министрлік өкілдері.

Жобаны іске асыру кезеңдері:

2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алуға мүмкіндік берілді;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;

2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Барлық сұрақтар жөнінде 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет.

Қазақпарат