фото: https://kursiv.kz
Отбасындағы мазасыздықтан қашқан бала құмар ойынның құлына айналады
Адамдарда ойынға деген құмарлық қайдан пайда болады? Адам өміріндегі ең қауіпті тәуелділіктің бірі – құмар ойындарға деген азарт. Өйткені ол адам өмірінің жеке, әлеуметтік және қаржылай мүмкіндіктерін бұзады. Елімізде биыл неге құмар ойындарға тәуелді жандардың саны артты? Адамдарда азартқа деген құмарлық қайдан пайда болады? Бұл сұрақтарға бүгінгі мақаламызда жауап іздеп көрдік. finprom.kz порталының жазуынша, биыл қаңтар–маусым айларында құмар ойын мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметінің көлемі, экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алғанда, 294,41 млрд теңгеге жеткен. Аймақтар бойынша алсақ, Алматы облысына соның 278,3 млрд теңгесі тиесілі болса, Ақмола облысына –16,1 млрд теңге, ал қалған 5,7 млн теңге басқа өңірлердің үлесі. Ауылдық жерлерде көрсетілген қызмет көлемі 93,3 мың теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың қаңтар–маусым айларымен салыстырғанда 4,6% көп. Кәсіпорын бойынша алсақ, 2022 жылдың қаңтар–маусым айларында ойын және бәс тігу қызметін ұсынатын орта кәсіпкерлердің үлесі басым болды: 176,5 млрд теңге. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 40,4 есе көп. Осы мәліметтерді ескерсек, биыл құмар ойын ойнайтын адамдар мен оған жұмсалған ақша көлемі де артқан. Ойынға деген құмарлық қайдан пайда болады? Құмар ойындарға тәуелділіктен арылу үшін, ең алдымен, құмар ойындарға тәуелділіктің сәнді термин емес, ауру екенін түсіну керек.
Психолог Айым Макешованың айтуынша, тәуелділіктен өздігінен құтылу мүмкін емес. Олар құмар ойындарға тәуелділіктің себептері психологиялық сипатта екенін айтады. Бұл дертке шалдығу бірнеше факторға байланысты: – жалғыздық; – ерекше күш жұмсамай-ақ тез байып кетуге ұмтылу; – өз өміріне қанағаттанбау сезімі; – психикалық ауруға бейімділігі бар туа біткен немесе жүре пайда болған адамдар. Дәрігерлердің айтуынша, тәуелділік түрлі жағдайдан туындайды. Психологтар санаға ерік беріп, ойынға әуестенуі балалық шағында ата-анасы мен бала арасындағы келіспеушілік салдарынан немесе әке-шешесінің ұрыс-керісінен қажыған баланың не істерін білмей, ойын арқылы бір сәт болса да жағымсыз жайттардан бойын аулақ салуы деп тұжырымдайды. Яғни күйзеліс, депрессия, жанды жегідей жеген жалғыздық, үрей-қорқыныш, тағы басқа жағдайлар әсер етеді деген топшылаулар жасады. Медицина мен психологияда мұны аурудың бір түрі деп есептейді және оны «лудомания» деп атайды. Лудомания (латынның ludo – мен ойнау және ежелгі грек μανία – құмарлық, ақылсыздық, тартымдылық), немесе құмар ойынға тәуелділік дегенді білдіреді. Ойын құмар адам-отбасына, мансабына, достарына немқұрайды болып, бүкіл уақытын интернет-казино сайттарында, букмекерлік кеңселерде өткізеді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через