Отандық автомобиль өнеркәсібі ішкі сұранысты қамти ала ма?

Отандық автомобиль өнеркәсібі ішкі сұранысты қамти ала ма?

       – Қазақстанда автомобиль жасау өнеркәсібі қалай дамып жатыр? Машина жасау өнеркәсібі тұтынушылардың сұранысын қамти ала ма? Бұл сауалға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жауап берді.

        «Кейбір қолданушылар көлікті неге өзімізде құрастырмаймыз, бамперді жасау біздің қолымыздан келмей ме? деп жатады. Біздің қолдан келеді. Бірақ, өкінішке қарай оның өз тәртібі бар. Ал ол тәртіпке біз бағынуымыз керек. Жалпы алғанда, шетелдіктер істеген дүниені біз де істей аламыз. Өз кезегімізде шетелдік ірі компанияларды Қазақстанда машина жасау зауытын ашуға шақырып отырмыз. Мақсат - отандық машина жасау өндірісін қолдау», - деді Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-де өткен брифингіде.

       Аталған мәселеге қатысты министрдің орынбасары да пікір білдірді.

        «Біз көлік өнеркәсібіне қатысты халықтың сұранысын толық қамти аламыз. Машина жасауда осыған дейінгі іске асырылған жобаларға келсек, ірі торапты құрастыру. Енді қолға алынып жатқан индустриялық жоба бойынша машина жасауда ұсақ торапты құрастыруға көшіп жатырмыз. Айтар болсақ, биыл наурызда Hyundai маркалы жеңіл көлігін жасаушы отандық компания ірі тораптан, ұсақ торапқа көшті. Өздеріңіз білетіндей, көлік бірнеше бөліктен құрастырылады. Оның ішінде дәнекерлеу, бояу, құрыстыру және тағы басқа. Ірі тораптан ұсақ торапты құрастыруға көшу процесі Lada, KIA маркалы жеңіл автомобильдерге де қатысты», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

       Ақпарат дереккөзі