Өскеменде алты айлық сәби қызылшадан көз жұмды

Өскеменде алты айлық сәби қызылшадан көз жұмды
фото: sputnik.kz

Өскеменде 6 айлық бала қызылшамен ауырып, көз жұмды, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Сәби ата-анасымен бір ай Шымкентте болып, 27 қарашада Өскеменге келген.

"Қызылшаға қарсы қосымша иммундауға жататын контингентке кіретіндіктен баланы патронаттық медбике мекен-жайына іздеп барған, алайда пәтердің есігі құлыптаулы болған. Бала Шымкенттен қызылшамен ауырып келді. 28 қарашада ата-анасы Өскемен қаласындағы клиникалардың біріне жеке педиатрға өз бетінше жүгінген", - дейді баспасөз қызметі.

Ал 29 қарашада ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Бірақ ауруханаға жатудан үзілді-кесілді бас тартқан.

"30 қарашада бала жағдайының нашарлауына байланысты шұғыл түрде "Ана мен бала орталығына" жатқызылды. Емдеу шаралары дереу басталды. 2 желтоқсанда науқас жағдайдың нашарлауына байланысты реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Қызылшаның ауыр түрі деген диагноз қойылды", - дейді ведомстводағылар.

Сәби сол күйі беті бері қарамай, 3 желтоқсанда қайтыс болды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде барлық емханаларда 21 567 вакцина дозасы бар, яғни жеткілікті мөлшерде қамтылған.

Қазіргі күні облыс бойынша 14 жасқа дейінгі 117 бала қызылшамен ауырып жатыр.

ҚазАқпарат