фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@pixabay/
Мәжілісте өткен орман өрті мәселесі тақырыбындағы Үкімет сағатында депутат Дәулет Мұқаев өрт сөндірушілер шындықты айтса, басшылығы қысымға алатынын көтеріп, соның себебін сұрады.
Депутат Үкімет сағаты басталғанға дейін жақсы көрме ұйымдастырылғанын айта кетті.
Оны әлеуметтік желіге салған кезде өрт сөндірушілердің өздері "бұл нәрсені біз көрген жоқпыз" деп жазып жатыр. Өйткені ол ауылға да, ауданға да жетпеген. Мені қынжылтатын тағы бір мәселе бар. Қостанайда өрт болды. Семейде орман өртенгенде қайырымдылық қоры арқылы халықтан 4 млн теңгеге жуық ақша жинадық. Ол ақшаға өрт сөндірушілерге майка, етік, тамақтарына дейін әперген жағдай болды. Тіпті "нәскиге" (шұлық – ред.) дейін алдық, - деді мәжілісмен.
Мұқаев бірақ осындай шығындарға бюджеттен қаржы бөлінетінін атап өтті.
Бірақ өрт сөндірушілер сол жерде жатып, өрт сөндірді. Жер ыстық. Етіктің өзі ыстыққа шыдамай, еріп кетіп жатты. Осындай жағдайға неге аяқ киім, киімдер қарастырылмаған? Екіншіден, маған олардың (өрт сөндірушілердің – ред.) мектептің еденінде жатқан суреттері келді. Оны өрт сөндірушінің әйелі жіберген еді. Кейін мен оны әлеуметтік желіде жариялаған кезде әйелі “күйеуімді жұмыста қыспаққа алып жатыр” деп өшіруімді сұрады. Бізде неге сондай шындықты айтатын адамдар үнемі қыспақта жүруі керек? Өмір мен өлім арасында жүрген жандардан көп келетін сұрақтардың бірі – тұрғын үй төлеміне қатысты, - деп айтты Мәжіліс депутаты отырыста.
Дәулет Мұқаев өрт сөндірушілерге ондай төлем берілмейтінін атап өтіп, осы мәселе қарастырыла ма деп сұрады.
Осындай байлығы бар елде шұлық, етік, майка алу – нонсенс, - деді ол.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл орман саласына өртке арналған 4 405 киім-кешек керек екенін есептегендерін айтты.
Оған 918 млн теңге бөлінді. Бүгін оған бар-жоғы 2 мың киім алдық. Себеп - конкурстардың қиындығы. Мысалы, бірінде болады, бірі сотқа береді. Сөйтіп біз 515 млн теңгені ғана игеріп, қалғанын қайтарып бердік. Биыл көктемгі түзетулерде қалған 2 400-ін аламыз, - деп айтты министр.
Нысанбаев бүгінге дейін де киім-кешектер сұраныс бойынша беріліп келе жатқанын атап өтті. Сөзінше, орман саласының қызметкерлері алдағы бір-екі жылда толығымен қамтамасыз етілмек.
Baq.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через