Оқушыларды театр өнеріне тартуға арналған пилоттық жоба іске қосылды

Оқушыларды театр өнеріне тартуға арналған пилоттық жоба іске қосылды

Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында «Балалар мен театр» атты ағартушылық пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы Standard.kz порталына Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлімдеді.

«Өскелең ұрпақты театр өнеріне тарту мақсатында арнайы ұсынымдар әзірленді. Онда оқушылардың театрларға тегін және жеңілдікпен баруы қарастырылған. Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында жергілікті бюджет есебінен оқушыларды жеңілдетілген театр абонементімен қамтамасыз ету бойынша «Балалар мен театр» ағартушылық пилоттық жобасы іске қосылды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында аталған жоба аясында 7 мыңға жуық оқушы театрға барды. Осы жобаны одан әрі жалғастыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының білім және мәдениет басқармасы екіжақты меморандумға қол қойды», - деді Гүлмира Кәрімова.

Комитет басшысының айтуынша, балаларды өнерге баулу бағытындағы жұмыс жалғасады.

«Бүгінгі таңда «Астана опера» театрына 300 оқушы тегін барды. Бұл жұмыс жаздыгүні жалғасын табады. Ал Алматы қаласында 10 мыңға жуық оқушы 222 туындыны тамашалады», - деді комитет төрағасы.

Фото: vko-teatr.kz