Бірінші рет өткен мектеп хакатонында бағдарламалау дағдыларын қалыптастыруға арналған дарынды балалар жарысы өтті. Оған Павлодар облысының ауылдық, қалалық және мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 16 команда қатысты.
Павлодар қаласы № 8 мектеп-лицейінің директоры Гаухар Бабықованың айтуынша, шара талантты жастарды STEM - мамандыққа баулуға бағытталған. 300-ден астам оқушы сұранысқа ие мамандықтарға терең бойлап, технология мен инженерия саласындағы өз дағдыларын шыңдай алды.
«Облыс мектептерінің 15-17 жас аралығындағы оқушылары түрлі жобаларын ұсынды. Олар қосымшалар, боттар, макеттер және бизнесті оңтайландыруға арналған дайын шешімдер, ландшафт дизайны, тиімді ауыл шаруашылығына бағытталған жұмыстар әзірлеген», – дейді Гаухар Бабыкова.
Ең үздік дайын өнім Павлодар облысы Железин ауданы Новомир ауылдық мектебінің командасына тиесілі. Балалар белсенді жерлестерінің пікірін ескере отырып, өз ауылдарының 3D макетін егжей-тегжейлі әзірлеген. 6 сағат ішінде макет те болашақта жүзеге асатын жоба шығынының есебі де дайын болды.
«Оқушылар ландшафтқа қойылатын экологиялық талаптарды және аумақтың ерекшелігін ескере отырып жобаны жан-жақты зерттей отыра жүзеге асырған. Жақсы өсетін дақылдарды ұсынған. Сондай-ақ ұялы байланысының базалық станциялары орналасқан жер көрсетілген. Ауыл іргесінде көркейген мекеннің жоспары дайындалған. Оқушылардың дайндаған виртуалды жұмысы нақты ландшафтқа пайдаланылады», – дейді қазылар алқасының төрағасы Евгений Фоменко.
Командаға Гран-при кубогы және 150 мың теңге сертификат берілді. Хакатон-2023 жарысының жалпы жүлде қоры 500 мың теңге.
Айта кетейік, Хакатон форматы өз қабілеттерін саралап, өзін-өзі жүзеге асырудың перспективалық бағыттарын анықтауға бағытталған талантты жастармен жұмыс істеудің тиімді жүйесін құруға бағытталған. Сондай-ақ еліміздің бизнес, менеджмент, жаңа технология, экономика саласында сұранысқа ие креативті идеяларды қалыптастыруға және зияткерлік алаңын қалыптастыруға негізделген шара.
Фото el.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через