2022 жылдың 8 мамыр күні М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты АСАНӘЛІ ӘШІМОВТІҢ 85 жасқа толған мерейтойына арналған «ӨНЕРІМ – ӨМІРІМ» атты интерактивті спектакль өтеді. Осыған орай, театр фойесінде мерейтой иесіне арналған театр мұражайы қорынан арнайы көрме ұйымдастырылып, шығармашылық кеш сағат 16.00-де басталады.
А.ӘШІМОВ: Көрнекті театр-кино актері, режиссер, Қазақстаннның және Кеңес Одағының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халықаралық кинофестивальдардың бірнеше мәрте жүлдегері, «Отан» орденінің иегері Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент (бұрынғы Байқадам) ауылында дүниеге келді.
1956-1961жж. Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды. Ал, 1964ж. бері М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында үзіліссіз еңбек етіп келеді.
А.Әшімов қазақ театры мен кино өнерін жасаушылардың екінші толқынына жатады. Ол алғашқы толқын - халықтың қалың ортасынан іріктеліп шыққан, далалық өнерпаздықтың синкретті әмбебаптығын терең меңгерген, қайталанбас ғажайып дарын иелерінің өкшесін баса қалыптасқан суреткер.
Дарын тегеуріні көп қырлы А. Әшімов – қазақ театры мен киносында эпикалық романтикадан бастап эмпирикалық реализмге дейін, драмалық трагедиядан бастап әлеуметтік сарказмге дейін тұлғаланған кейіпкерлердің тұтас галереясын жасаған актер. Сахнада негізінен басты рольдерді сомдаған көрнекті актердің М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарас бай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» Асан қарт,тағы да басқа рольдеріндеайшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А.Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы күрделі соңғы жұмысы - Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен.
Актерлік әмбебаптық, сөз жоқ, өмірдің әлеуметтік-психологиялық қыртыстарын терең білу арқылы және сол білгеніне тарихи философиялық баға бере алу арқылы ғана келетін қасиет. Бұл орайда «Қыз Жібек» эпосында бірыңғай қара бояумен бейнеленген, ал фильмде далалық ноян (рыцарь) деңгейінде тұлғаланған Бекежанды, «Ән қанатында» Қаймен, «Атаманның ақыры» мен «Транссібір жүрдек поезындағы» Шадияров, Қасымханов, «Жаушыдағы» Қаражал, «Нан дәмінде» Директор, «Қазақы оқиғадағы» Өмірбай шал, «Сіз кімсіз, КА мырза?» фильміндегі Ка мырза, сондай-ақ Б.Мансұровтың көп сериялы «Бұлғарлар туралы баян» фильмінде Шыңғысхан, тағы басқа да бас-аяғы отыздан аса кейіпкерді даралай сомдауы - актерлік көп қырлы қарым-қабілеті өз алдына суреткерлік кредосының даралығын танытады.
Бүкіл саналы ғұмырында суреткерлік – ойшылдық арына қылау түсірмей келе жатқан А.Әшімовтің қайраткерлік тұлғасы «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалін ұйымдастырушылардың бірі, Құрметті төрағасы, алыс және жақын шетелдер кинофестивальдарының жюри мүшесі ретінде де танылып келеді. Ал, суреткердің жазушылығы – талантының тағы бір үлкен қыры. Оның «Майраның әні» (1995), 5 томдық шығармалар жинағы (2007), «С любовью, Ваш Асанали Ашимов» (2008) кітабы қалың оқырманның сүйікті туындыларына айналды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через