фото: https://alashainasy.kz
Өмір жолыңды өзің таңда
Адамдардың көбі, егер цифрмен нақтылап айтар болсақ, кем дегенде 90 пайызы, болашақ өмір жолын, арман-мақсатын нақты айқындамай, жел айдаған қаңбақ сияқты тағдырдың жазуына мойынсұнып, тірлік кешеді. Әрине, ондайлар өмірде үлкен жетістікке жете қоймайды және тірлікте біраз тауқыметтер тартуына тура келеді. Өйткені, тағдырдың жазуына мойынсұнып, бұйырған несібені қанағат тұтқан жан бақуаттылыққа да, биік мансапқа, басқа да өмірдің игіліктеріне қол жеткізе алмайды, соған орай кедейлік пен сәтсіздіктің теперішін тартуына тура келеді.
Мақсатсыздық құрдымға құлатады
Менің жасым қазір 64-те. Өткен өміріме ой жүгіртіп қарасам, жеткен жетістіктерім де, әттеген-ай деген өкініштерім де болған екен. Десе де, көңіліме қуаныш ұялатар жай – бала кезімде арман болған мақсатыма жетіп, сол арқылы өмірімді өз қалауыммен өзгерте алғаным.
Бірінші сыныпта біз 35 бала бірге оқыдық. Мұғалім біреу, оқулық та бірдей. Бірақ сабақты 35 бала әркелкі оқыды. Үлгірімі төмен болып, екінші жылға орнында қалып қойғандар болды, орташа оқығандар, жақсы, үздік оқыған оқушылар да бар еді. Сөйтіп, онжылдықты 35 баладан 21 бала бітіріп шықтық.
Сол 21 баланың 7-уі жоғары білім алды. Қалғандары ауылда жұмыс істеп, отбасы құрып, қалып қойды. Осы арада мына жайға назар аударғым келеді: көрші тұрған және он жыл бойы бірге оқыған Ақпанбет екеуміз кітапты көп оқыдық, соған орай біріміз ақын, біріміз жазушы болуды армандаған едік.
Ақын-жазушы боламыз деп арман қылған екеуміз мектеп қабырғасында жүріп «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналына мақалалар жіберіп тұрдық. Онымыз әрине, жарамсыз болып жарияланбайтын. Дегенмен, бір-екі рет редакциядан хат алып, соған төбеміз көкке жеткендей қуанғанбыз.
Мектеп бітіргесін оқуға түсе алмай біраз жыл жүрдік. Сонда да қайта-қайта құжат тапсырып, қайта-қайта ұмтылдып жүріп, мен ҚазМУ-дің тарих факультетін, ал Ақпанбет журналистика факультетін оқып бітірдік. Содан кейін өмір жолымыз журналистикамен жалғасты. Ақпанбет аудандық газеттен бастап республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде, кейінірек «Хабар» телеарнасында біраз жауапты қызметтер атқарды. Мен де аудандық газеттен бастап, облыстық газетте, республикалық газет пен журналда жауапты қызметтер атқардым.
Ақпанбеттің бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Менің әдеби-танымдық біраз кітаптарым шықты. Осылайша, біздер өзіміз қалаған арман-мақсатымызға жетіп, журналист, ақын-жазушы болдық. Ал бізбен мектепте бірге оқыған балалардың бір де бірі алдарына нақты масқат қоймай, тағдырдың жазуына мойынсұнып, өмір өзі ұсынған несібені қанағат тұтты.
Адам өз болашағын өзі жасайды
Тағдырдың жазуына мойынсұнып, жел айдаған қаңбақтай тірлік кешкен пенде бақытқа жете алмайды. Өйткені, ол адам өзі жақсы көретін мамандықты алып, ұнататын жұмысты атқармайды. Күнкөріс үшін амалсыздан көңілі қаламайтын жұмысты істеуге мәжбүр болады. Ал көңілің сүймеген жұмыс саған ешқандай рахат әкелмейді.
Бізбен бірге мектепте оқып, жоғары оқу орнын бітіргендердің бірі ҚазМУ-дің химия факультетінде оқыған еді. Бұл факультетке химияны ұнататындықтан барған жоқ, танысы сонда болып, соған оқуға түсірген. Сөйтіп, көңілі қаламаса да, сол оқуды бітіріп шықты. Содан кейін ол милицияға қызметке кірді. Химия пәнінің мұғалімі мамандығын алған кластасымыз солайша милицияда жұмыс істеп, зейнетке шықты.
Тағы бір сыныптасымыз спорт институтын бітірді, содан кейін автолавка жүргізушісі болды, кейін коммерциямен айналысты, одан соң шопырлық жұмыс істеді. Осылайша, жоғары оқу орнын бітірген сыныптастарымыздың бәрі дерлік тағдырдың жазуымен мамандығына мүлдем сәйкес келмейтін салаларда еңбек етті. Бала кезімізден армандаған мамандығымызды көп қиындықпен алып, сол салада еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Ақпанбет екеуміз шынын айтқанда өз болашағымызды өзіміз жасаған екенбіз.
Өткен өмірге ой жүгірте отырып мына жайды анық аңғарғандай боламын: адам көңілі қалаған іспен айналысып, жаны сүйетін мамандықты алса ғана өмірі мәнді және табысты болады екен. Ақын, жазушы, журналист мамандығы – шығармашылық мамандық саналады және адамға қанағат сезімін сыйлайды. Жаның сүйген іспен айналысудан сен шаршамайсың, қайта рахат алып, құлшына түсесің. Бақыт дегеніміз де осы емес пе?!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через