Өлген адамды тірілте алады

Өлген адамды тірілте алады
фото: cbsnews.com

Өлген адамды тірілте алады

Бүгінгі күні виртуалды шындық туралы мүлдем естімеген жанды кездестіру өте қиын. Жыл сайын виртуалды әлем өмірімізге көбірек еніп келеді. Дегенмен, адамдардың көпшілігі виртуалды шындық тек ойындарда болуы мүмкін деп ойлағанымен, бүгінде ол тек ойын әлемінде емес біздің күнделікті тіршілігіміздің бұлтартпас бөлшегіне айналған.

Виртуалды шындықты сынап көру мүмкіндігі болмаған кейбір адамдар бұл адамның денсаулығын нашарлатуы мүмкін деп ойлайды. Виртуалды шындық деп отырғанымыздың өзі арнайы бағдарланған дулыға сынды  құрылғыны басқа киіп, басқа әлемде жүргендей күйге ену.  Әрине, адам VR-ді алғаш рет қолданып көргенде, оларда бас ауруы, қозғалыс мәселелері болуы мүмкін. Алайда, мамандардың айтуынша, бұл құбылыстардың барлығы адам миы жылдам ойлана бастағандықтан және тез қозғалатындықтан ғана пайда болады. Бүгінде виртуалды шындықтың көмегімен, біраз нәрсеге қол жеткізе аласыз.

Фобиямен күрес

Ғалымдар адам бойындағы үрей деңгейін басқара алатын арнайы технологиялар жасап шыққан және алдағы уақытта дамыта түспек. Виртуалды шындықтың көмегімен адамдар өз қорқыныштарымен бетпе-бет келіп, өз фобияларынан құтыла алады. Яғни, сіздің қорқынышыңыз жәндіктер немесе биіктік болса сіз сол қорқынышты күйді виртуалды әлемде бастан өткересіз. Әрі зерттеулер көрсеткендей фобияңыздан арылуға мүмкіндік аласыз.

Медитация

Кейбір адамдар стресспен күресу үшін медитацияны пайдаланады. Әрине, адам жұмыста және үйде үнемі күйзеліске ұшырайды. Дегенмен, медитациямен айналысуға арналған көптеген арнайы қосымшалар болғанымен, ғалымдар виртуалды әлемге ену медитацияның тамаша тәсілі болуы мүмкін деп санайды.

 Яғни сіз арнайы құрылғыны киіп, жүрекке тыныштық сыйлайтын бейнелерді тамашалап,табиғат аясында жүргендей әсерде болып жағымды әуезді музыканы немесе құстардың әнін ести аласыз, бұл адамға стресс деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Өмірден өткен қызын тірілткен

Оңтүстік Кореялық компания дүниеден өткен 7 жасар қыздың виртуалды көшірмесін өтініш бойынша жасап шыққан. Бүлдіршін сирек кездесетін айықпас дерттен қайтыс болған. Бұл жобаның мақсаты ананың қайғысын мойындауға көмектесу болды. Мамандар Найонның виртуалды бейнесі мен дауысын барынша дәл қайталау үшін 8 ай дайындалған және керекті барлық материалды ата-анасы ұсынған. Анасы қызының қайта жасалған бейнесін көру және есту үшін виртуалды шындық дулығасын, сондай-ақ жанасуды имитациялайтын сенсорлық қолғап киген . Қарым-қатынас барысында Джан Чжи Сун қызымен сөйлесіп, онымен ән айтып, туған күнін атап өтті. Виртуалды Найон анасына бұдан былай жыламаса екен деп тілегін айтып, кездесу соңында шаршағанын, ұйықтағысы келетінін айтты. Ұйықтар алдында анасы қызымен қоштасып, ұйықтап қалды.

Бұл бейнероликті көрген көрермендердің пікірлері екіге жарылды. Кейбіреулер бұл жағдайды жүректі ауыртатын жағдай деп айтып, әйелге түсіністікпен қарайды. Басқалары қайтыс болған адаммен мұндай «байланыс» тәжірибесі көмектеспейді, керісінше жарасына тұз сепкендей болады деп санайды.

Той

Виртуалды әлемде той жасау да соңғы кездері сәнге айналуда. Пандемияға байланысты көп адам шақырып мереке ұйымдастыра алмайтындықтан, жұптар тойды виртуалды түрде өткізуді қолға алған. Мәселен, ғаламтор арқылы танысқан Трейси және Дэйв Ганьон тойларын да виртуалды түрде өткізуді шешкен. Жұп тікелей эфирде некелерін қидырса, қолданушылар аватар түрінде арнайы бағдарлама арқылы құрылғымен үйде отырып-ақ тойға қатысып тілек білдірді. Бағдарламаушылар тіпті қалауыңыз бойынша қонақтардың түрін ұқсатып бере алады. Аватардың бас жағында қонақтың есімі де жазылып тұрады. Айта кету керек, мұндай тойдың әлемде әзірге тек бірнешеуі ғана тіркелген.

Білім алу

Жаңа технологиялар білім-ғылыммен тікелей қатысты болғандықтан, виртуалды шындықты қолдана отырып білім алудың артықшылығы көп. Яғни, сіз ғарышты зерттегіңіз келсе, жұлдыздар мен ғаламшардың ортасына отырғандай етіп үйрену немесе тарихты оқу кезінде сол дәуірге түскендей әсер алу кім-кімді де білім алуға қызықтыратыны сөзсіз. Алдағы уақытта басқа да ғылым салаларын дәл осылай виртуалды шындық арқылы меңгерту көзделуде.

 

Bugin.кз