"Ол нағыз мотиватор!": төрт баланың әкесі мыңдаған адамды жігерлендіріп жүр

"Ол нағыз мотиватор!": төрт баланың әкесі мыңдаған адамды жігерлендіріп жүр
фото: https://sputnik.kz

"Ол нағыз мотиватор!": төрт баланың әкесі мыңдаған адамды жігерлендіріп жүр

Спортшы екі аяғынан айрылса да, мойыған жоқ. Жан жарының қолдауымен өмірдің ең ауыр кезеңін еңсере білді. Спорттық жарыстарға қайта қатысып, чемпион атанды. Жақында TartylFest республикалық фестиваліне қатысып, тағы көзге түсті.

"Олимпиада чемпионы болғым келді"

34 жастағы Азамат Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Жас кезінен спортқа жақын болды. Бірақ үйленгеннен кейін ауыр сынақты бастан кешті.

"Білмеймін, Алланың қалауы болды ма, осындай сынақтарға түсіп, екі аяғымнан айырылдым. 2014 жылы оттегі балоны жарылған. Сол кезде қатты жарақат алып қалдым. Әлі есімде, 13-ші қараша болатын", - дейді спортшы.

Содан қатты күйзеліске түсіп, үш жылдай үйден шықпады. Бірақ жұбайы мен балалары қиын сәтте демеу бола білді. Спортшыға протез алынды. Азамат қайтадан аяққа тұрып, өзіне ыңғайлы спортты іздей бастады.

"Бір рет баламды спортқа апарағанда мүгедек спортшылар федерациясының президенті Тәжіғали Қожамұратовты кездестіріп қалдым. Ол мені таныды да, сен мықты спортшысың деп, шақырып алды. Басында дойбы немесе шахмат ойнайсың ба деді. Одан бас тарттым. Физикалық жүктемесі бар спортты таңдадым", - деп еске алады Азамат.

Алдымен жүзуге қатысып көрді. Осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы атанды.

"Ары қарай Олимпиадаға барғым келді. Оған шыға алмайсың деді. Бір жарым жылдай дайындық керек, бос орын жоқ деп, шығарып салды. Содан мен 2019 жылы қол күреске келдім. Армрестлингтен Қазақстан чемпионы болдым. 2020 жылы Азия чемпионы атандым. Ал 2021 жылдың аяғына әлем чемпионатына барып, бесінші орын алып қалды. Қазір қазан айында Анталия қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүрмін", - дейді Азамат.

Спортшы жеңіл атлетикамен де шұғылданып көрді. Ядро, диск пен найза лақтырды. Облыстық  жарыстарда топ жарды. Азаматтың ұлы да спортпен айналысады.  Таеквандодан  Қазақстан  чемпионы  атағын  жеңіп  алған.

"500  шақырымға  да  қарамадым"

Жақында Азамат Тараз қаласында өткен TartylFest республикалық фестиваліне қатысып қайтты. Өзі Алматы облысында тұрса да, 500 шақырымға  қарамай, Жамбыл  облысына  шығып  кетті.

"Үйге келсем, досым звондайды. Азамат қайдасың, тартылудан жарыс болып жатыр ғой дейді. Қайда? Алматыда. Әлеуметтік желіге кіріп қарасам, бітіп кетті. Басқа қалаға кетіп қалған екен. Сөйтіп, 50 шақырым жерге бармай, 500 шақырым шалғай жатқан Тараздағы TartylFest-ке жазылып, қатысып келдім", - дейді спортшы.

Азаматтың сол қолында үш саусақ бар. Оған көп күш түсіре алмайсың. Турникке тартылғанда оң қолға үлкен салмақ түседі. Былайша айтақанда, адам бір қолмен тартылғандай болады. Соған қармастан, Азамат 25 рет тартылып, үздіктердің қатарына енді. Сол үшін ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығына да ие болды.

"Мен өзім үйде 33 рет тартыламын. Енді, TartylFest сияқты жарыстарда түп-түзу тартылу керек қой. Сол түзу тартылғаным 25 болып тұр. Негізі, фестивальге арнайы дайындалған жоқпын. Техникасын көріп алдым, қалғаны сол қол күрестің дайындығы ғой", - дейді Азамат.

Азаматтың төрт баласы бар. Балауса екеуі екі ұл мен екі қызды тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы – 14 жаста. Бір қызы спортқа қызығып, күреске барып жүр.

 "Енді, спортпен көп табыс таба алмайсың ғой. Өзім спортқа қатты қызығамын. Сосын өсіп келе жатқан балаларым бар. Оларға мотивация болсын, жалпы, елге мотивация болсын деп жүрген жайымыз бар. Негізі, жылжымайтын мүлік агенттігінде жұмыс істегенмін. Қазір сауда жүрмей тұр, жұмыссыз қалдым. Алла қаласа, бір амалы болар", - дейді төрт баланың әкесі.

"Егер ұша алмасаң, онда жүгір. Егер жүгіре алмасаң, онда жүр. Егер жүре алмасаң, онда еңбекте. Бірақ тек алға қарай қозғалудан айныма!", - деп жазды Азамат.

Мәтіндегі ақпарат туралы