Өкімет букмекерлерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салуы мүмкін

Өкімет букмекерлерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салуы мүмкін
фото: Ашық дереккөзден

Букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына тыйым салынуы мүмкін. Бұл жайлы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

Мұндай жарнамаларға тыйым салу мәселесін депутаттар көтерген. Дүйсенова бұл мәселеге қатысты шешім шығаруда үкіметтің бірінше кезекте халықаралық тәжірибеге сүйенетінін жеткізді.

«Сыртқы жарнамаларды өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Ондай жарнамалар көп. Біз халықаралық тәжірибелерді зерттедік. Шетелде мұндай бүкмекерлердің жарнамасы спорттық шаралар өтіп жатқан спорттық кешендерде, спорттық экипировкада, спорттық арнадарда және өзінің кеңсесінде ғана жарнамаланады. Біз де сол тәжірибеге сүйеніп, осы сыртқы жарнамаға тыйым салу туралы ұсыныстарды қарастырып жатырмыз. Мұндай ұсыныс депутаттар тарапынан да түскен», деді Дүйсенова.

Ол мұндай жарнамалардың тым көп болып кеткенін, телефон мен көшелерде де букмекерлік билбордтардың тым көбейіп кеткенін айтты.

«Егер сіз телефонды ашсаңыз немесе көшеге шықсаңыз барлық жерде 1xBet, Olimpbet секілді букмекерлік кеңселердің жарнамасын көресіз. Халықаралық тәжірибеде 50 метрге дейін ғана рұқсат. Бұдан әрі сыртқы жарнамалар болмауы тиіс», деді ол.

Осыған дейін елімізде букмекерлік кеңселерді жарнамалауға шектеулер енгізілетіні туралы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтқан болатын.

«Букмекерлік кеңселерді бақылаусыз жарнамалау дәуірі өткенге айналуы керек. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қала көшелеріне қарайтын болсақ, елордадан бастап шалғайдағы ауылға дейін әрбір көшеде билбордтар, баннерлерде құмар ойындардың жарнамасы тұр. Ешқандай тәртіп жоқ. Сондықтан бұнын бәрін тоқтатуымыз керек. Керек болса арнайы бұйрықтарға, заңға да өзгерістер енгізу қажет. Бұл мәселені шешуді созбай, тез арада шешім қабылдауымыз маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек», деген болатын министр.

Kursiv.kz