Ойыншықтар қымбаттай ма?

Ойыншықтар қымбаттай ма?

       Ұлыбритания астанасына ойыншықтар жәрмеңкесі қайта оралды. Өткен жылдары шара коронаиврус індетінен өтпей қалған еді. Пандемия ойыншықтар нарығына қалай әсер етті? Алдағы уақытта сала қалай дамиды?

       Лондонда ойыншықтар жәрмеңкесі - өткен ғасырдың орта кездерінен бастап өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шара. Алайда «Covid-19»-дан өткен жылдары ұйымдастырылмады. Биыл көрмеге өз өнімдерін 200-ден астам компания ұсынған. Жәрмеңкеге қатысушылар тұтынушылармен қайта қауышқанына қуанышты.

       Роланд Эрл, Британиялық ойыншықтар мен хоббилер қауымдастығының бас директоры:

       – Біз жәрмеңкені қатты сағындық. Бұл шынымен де шағын және орта бизнес үшін өте маңызды шара. Мұнда тың идеялар туып, жаңа үрдістер пайда болады. Кәсіпкерлер тұтынушылармен кездесіп, олардың таңдау-тілектерін біле алады.

       Рэйчел Симпсон-Джонс, «Ойыншықтар әлемі» журналының редакторы:

       – Жәрмеңкелер ойыншықтар индустриясы үшін өте қажет. Сіз бұл жерде компания өкілдерімен кездесіп, келісімшарттар жасай аласыз. Іскерлік байланыс орнатасыз.

       Ұлыбританияда бұл нарық біраз қиындықты бастан кешкен. Зерттеуге қарағанда өткен жылы корольдікте ойыншықтар сатылымы 2020 жылмен салыстырғанда 3 процентке төмендеген.

       Рэйчел Симпсон-Джонс, «Ойыншықтар әлемі» журналының редакторы: – Жалпы ойыншықтар өндірісі тұрақты сала болып саналады. Былтыр нарықта сатылым біраз төмендегенмен 2019 жылмен салыстырғанда 2 процентке өсті. Пандемиядан кеме қатынасында туындаған қиындықтар мен жүк көліктерінің жетіспеушілігі осындай жағдайға әкеледі деп күтілген.

       Сарапшылар биыл ойыншықтар бағасының өсетінін айтып отыр. Себебі өзге өндірушілер сияқты ойыншық шығарушылардың да тауар жеткізу тізбегінің бүлінуі мен шикізаттың қымбаттауынан шығындары артқан.

       Анна Чэпман, Just Play UK компаниясының Маркетинг және лицензиялау бойынша вице-президенті:

       – Өздеріңіз білетіндей азық-түлік пен энергия бағасы өсіп жатыр. Өкінішке қарай, ойыншықтар бағасы да шикізат пен жеткізу құнының артуынан қымбаттайды. Өйткені шығынға ұшырамас үшін осындай қадамға баруға мәжбүрміз.

       Дегенмен ойыншық саласы үшін биылғы жыл жемісті болады деген үміт зор. Әсіресе, мамандар лицензиялық ойыншықтар нарығы дамитынына сенімді. Ұлыбританияда бұл барлық ойыншықтар сатылымының 28 процентін құрайды.

       Ақпарат дереккөзі