фото: pixabay.com
Бір ауылдан шыққан жастары шамалас екі азамат қалада көрші тұрыпты. Балалары да бір мектепке барып, үйдің алдындағы кішкентай аулада бірге ойнайды. Бірақ әлгі көршінің бірі баласына үнемі: «Балам, велосипедіңді ешкімге бермей өзің ойна. Олар бекерге сындырып тастайды», «Балам, мынаны ешкімге көрсетпей жеп ал», «Балам, оларға есеп шығарып берме, шаршап қаласың», «Түскі асыңды өзің же, қарның ашып қалады, олар өздері алып жесін», «Ойыншығыңды ешкімге берме, ертең таппай қаласың»,- дейді.
Ал екінші көршісі болса, керісінше жеті жастағы ұлына үнемі: «Балам, мектепте тамақ сатып алсаң, қасыңдағы досыңа да бөліп бер, аз ғана болса да жесін, саған қарап қызығып қалмасын (басқаның тамағы тәтті болып тұрады емес пе?)», «Велосипедті кезектесіп тебіңдер, ол саған қарап тұра ма? Ұят болмасын», «Ойыншығыңды өзің ғана ойнай бермей арасында қасыңдағы балаға беріп тұр», «Түскі ас алар кезде досыңның ақшасы жетпей қалса, сен бере сал»,- дейді екен.
Арада біраз жылдар өтеді, әлгі екі көршінің баласы да ер жетеді. Екеуі де жоғары оқу орнында білім алып, қызметке тұрады. Отбасын құрып, бір-бір әулетке ие болады.
«Балам, велосипедті кезектесіп тебіңдер» деп үйреткен әкенің баласы айналасына абыройлы, бауыры мен ағайын-туысына қайырымы мол, өте қарапайым пысық жігіт болады. Әріптестері елгезектігі, мәрттігі, кішіпейілдігі үшін сыйлап құрметтейді.
Ал енді келесі «Балам, ешкімге көрсетпей жеп ал»,- деп тәрбиелеген әкенің баласы тек қана қара басының қамын күйттейтін, ешкімге пайдасы тимейтін, сараң, әр нәрсеге қызғанышпен қарайтын күйгелек болып өседі.
Бала – біздің айнамыз. Бірінің бүгінгі бейнесі – кешегі үйіндегі тәрбиенің жемісі. Біз қоғамды өзіміз жасаймыз. Сондықтан болашағының баянды болуын қалаған ел ұрпағының ұлағатты болуына мүдделі болуы тиіс!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через