Нұр-Сұлтан тұрғыны екі қасқыр асырап отыр

Нұр-Сұлтан тұрғыны екі қасқыр асырап отыр
фото: https://sputnik.kz

Нұр-Сұлтан тұрғыны екі қасқыр асырап отыр

Елорда тұрғыны үйінде бір емес, екі қасқыр ұстайды. Көршілер оның үстінен арыз түсірген. Ұлағат Ханзада түз тағысын бірнеше ай бұрын жапан даладан жаралы күйде тауып алыпты. Аяғынан тұрғызған соң қасына құртқасын да әкеп қосқан. Жабайы жануарды көбейтіп, киноға да түсіру жоспары болған. Алайда көршілері полицияға хабар берген. Енді орман шаруашылығы инспекторлары айыппұл салып, қасқырды алып кетпекші.

"Орман шаруашылығының мамандары қолға үйренген қасқырды табиғатқа апарып жіберуі екіталай. Себебі ол адамға үйірсек болып қалған. Оған да табиғатқа бейімделу керек. Ол бейімделу процесінен өтпейді де, бірден табиғатқа жіберсе, қайта айналып, адамның қолына келеді. Бірінші көрген адам атып тастауы да мүмкін", - дейді Ханзада.

Саятшы қасқырларды заңдастыруды көздейді. Бірақ ол жұмыстың машақаты көп.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті саятшыға хабарласып, алдағы аптада кездесуге келіскен. Мәселенің оңтайлы шешілетінін де айтқан. Бірақ қасқырларды алып кетеді.

"Қасқырларды тәркілеп алған соң, біздің мамандарымыз ветеринарлармен бірге олардың жағдайын қарайды. Егер табиғи ортаға тез бейімделіп кетуге мүмкіндіктері болса, табиғи ортаға жіберіледі. Ал табиғи ортаға бейімделуі күмән тудырған жағдайда арнайы жануарлар бағына және уақытша ұстау пунктеріне жіберіледі", - дейді комитеттің баспасөз хатшысы Мақсат Насыр.

Мәтіндегі ақпарат туралы