Нейрожелі болашақты болжай ала ма?

Нейрожелі болашақты болжай ала ма?
фото: sputnik.kz

Жасанды интеллект негізгі тапсырмаларды орындауды үйренді және алаяқтық сайттарды немесе сілтемелерді тануда адамды алмастыра алады. Бірақ ол болашақты болжауға қабілетсіз. Бұл туралы "Лаборатория Касперского" мекемесі деректердің жетекші зерттеушісі Владислав Тушканов мәлімдеді.

"Менің ойымша, жасанды интеллект адамның әлеуметтік іс-әрекетін болжай алмайды. Адам оқу орнында жақсы оқиды ма және қандай мамандық таңдаған дұрыс деген секілді сауалдар бойынша өте көп зерттеу жүргізілді. Ол адам туралы барлық дерек алынады да, жасанды интеллектке жолданады. Алайда оның нәтижесі көп мәселе тудырады. Сондықтан адамның іс-қимылын болжау бойынша жасанды интеллектті қолданудың қажеті жоқ. Себебі оның салдары ешкім күтпегендей болуы мүмкін", - дейді сарапшы.

Владислав Тушкановтың пікірінше, жасанды интеллектке қазір кіші мамандар атқаратын кейбір негізгі тапсырмаларды сеніп тапсыруға болады.

"Машинаның көмегін қолдануға болатынын-болмайтынын анықтауға арналған қарапайым қағида бар. Егер маман ол тапсырманы жылдам орындай алса, мысалы, фишингтік сілтемені немесе алаяқтар сайтын тани алса, онда бұл істе нейрожелілерді қолданған әлдеқайда дұрыс. Себебі олар өте жеңіл автоматтандырылады. Біз бүкіл фишинг пен зақымдаушы бағдарламалық жасақтамаларды өзіміз тексере алмаймыз. Себебі күніне 400 мың зақымдаушы нысанды бақылаудан өткіземіз", - дейді ол.

Сарапшының түсіндіруінше, нейрожелі қарапайым қауіпті анықтауда көмектесе алады. Алайда әлдеқайда күрделі зақымдаушы бағдарламаларды анықтау үшін әлі де адам күші қажет.

iStock.com / John Wildgoose

Қазақпарат