Неапольде «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» атты көрме ашылды

Неапольде «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» атты көрме ашылды
фото: Бақ кз

Көрменің мақсаты – Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту, итальяндық аудиторияны Ұлы дала халқының тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, философиясымен және дүниетанымымен таныстыру.

Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі мен Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Компания аймағындағы Құрметті консулдығы ұйымдастырған көрмеге 140-тан астам жәдігер қойылған. Көрменің экспозициялық кеңістігі дәстүрлі киіз үй жабдығы, ат әбзелдері, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар сияқты тақырыптық бағыттарға бөлінген.

Қазақстан – ұлы көшпелілер өркениетінің мұрагері. Біздің еліміз мыңдаған жылдар бойы көптеген қоғамдардың, мәдениеттер мен діндердің тоғысқан жері болды. Қазақстан өзінің ежелгі тарихын және көп қырлы мәдени мұрасын мақтан тұтады. Қазіргі қоғамның өмірінде қолданылатын заттардың көбі еліміздің аумағында пайда болған, - деді көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев.

Көрменің ашылу салтанатына 300-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде мәдениет, білім беру, ғылым, бизнес, туризм салаларының өкілдері болды. Сонымен бірге қонақтар музыканттар А. Құнанбай, Д. Мұратхан және Е. Егінбаевтың орындауындағы қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін тамашалады.

Қонақтар көрме жәдігерлерімен танысып қана қоймай, итальяндық «Multicenter» кәсіби қызметтік даярлық мектебінің студенттері дайындаған қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Алматы тарихы мұражайының «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» көрмесі осы жылғы 14 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.

ҚазАқпарат