Не үшін қарыз аласыз?

Не үшін қарыз аласыз?

               Әрбір бесінші қазақстандық жалақысы түскенше күнін онлайн несие есебінен көреді. Мың адамның арасында сауалнама жүргізген «гдезайм кз» порталы осындай тұжырым жасады. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, сұрақ-жауапқа қатысқандардың 29 проценті қарыз алудың басты себебін жоспарланбаған, яғни аяқ астынан келген шығын деп көрсеткен. 21 проценті жалақыға дейін күнкөру үшін керек десе, 16 проценті банктегі қарызды жабу үшін алатынын айтқан. Дәл осындай үлесте коммуналдық қызмет, мектеп пен балабақша ақысын төлеу себептері бар. Қалғандары ем-домға және сыйлық алу үшін ақшаға мұқтаж болғанын мойындаған.  Қарыз алу жиілігі айына 2 реттен келеді. Бір алаңдатарлығы, оңай ақшаның қызығына түсетіндер – жастар. Олардың жасы 25-34 шамасында. 35-тен 44 жасқа дейінгілер де онлайн несиеге жиі жүгінетін көрінеді. Олардың үлесі 24 процент. Ал 55 жастан асқандар арасында борышкерлер аз болып шықты. Әсіресе, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан қаласы және Қарағанды өңірінің тұрғындары қарыз алуда алдына жан салмайды. Десе де «қарыз күліп келіп, жылап қайтады...» деген тәмсілді ұмытпаған жөн, дейді мамандар. Себебі кредиттік мекеменің шырмауына түсіп, опық жеп қалғандар да арамызда аз емес.