«Мың бала-2022» республикалық олимпиадасы басталды

«Мың бала-2022» республикалық олимпиадасы басталды

Олимпиада «Елбасы Академиясы» қоры мен Алматы облысы Білім басқармасының қолдауымен өткізіледі. Оған биыл ауыл мектептерінің 5 және 6-ыншы сыныптардағы 30 мыңнан астам оқушысы қатысады деп күтілуде. Тіркеу 20 наурызға дейін жалғасады.

 Жеңімпаздар облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға түсуге мүмкіндік алатын болады.

 Олимпиада мақсаты – Қазақстан Республикасының ауылдық жерлеріндегі мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттерін дамыту және қолдау үшін жағдай жасау, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу.

Білім сайысы екі кезеңде өткізіледі. І кезеңде олимпиадаға қатысушылар онлайн - платформада танымдық ойлау деңгейін анықтау үшін кешенді тестілеу тапсырады. ІІ кезеңнің өтетін күні мен орны туралы мәліметтер, сондай-ақ олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысушылардың тізімі компьютерлік тестілеу өткізілгенге дейінгі күнтізбелік 10 күн бұрын ресми ресурста жарияланады.

 Іріктеу компьютерлік тестілеу нәтижелері бойынша жүргізіледі, оған бөлімдер бойынша оқушылардың академиялық білімін бағалау кіреді:

«Математикалық сауаттылық»;

«Қазақ тілі», қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін;

«Орыс тілі», орыс тілінде оқитын оқушылар үшін;

«Ағылшын тілі»;

«Жаратылыстану».

 «Жеңімпаз атанған 1 мың оқушыға олимпиада жеңімпазының дипломы беріледі. Диплом тапсыру үшін ІІ кезеңнің жеңімпаздары күшейтілген санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, тұрғылықты өңірлері бойынша марапаттау рәсіміне шақырылады. II кезеңнің жеңімпаздарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген квотаға сәйкес дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылдау мүмкіндігі беріледі», – делінген хабарламада.

 Атап айтсақ, 2021 жылғы «Мың бала» олимпиадасы Алматы облысында ұтымды өтіп, өз нәтижесін көрсетті.

ҚазАқпарат