Мурал салу мәселесі заңмен реттелуі керек

Мурал салу мәселесі заңмен реттелуі керек

Алматыда үйлердің қабырғасына мурал салу мәселесі заңмен реттелуі керек. Өйткені сан түрлі композицияның арасында қала көркін қашырып тұрғаны да бар.

Қалтасын қампайтуды ғана ойлаған кейбір мүлік иелері бірлестігі барыстың суретінің орнына жарнамалық мурал салуға да рұқсат берген. Бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырды. Сондықтан қала әкімі Ерболат Досаев ғимараттардың сыртындағы суретке ресми мәртебе беру және ойына келген картинаны салғызбау жағын қадағалауды қолға алғалы отыр.    

Қаладағы муралдарға ресми мәртебе беру қажет, әйтпесе муралдардың мәселесі шешілмейді. Қазір Алматының дизайнкодын әзірлеу жұмысы аяқталуға жақын. Онда муралдар бөлініп, ал жарнаманы орналастыру мен басқа да өзгерістер қаланың құрылыс және урбанистика басқармасымен келісілуге тиіс. Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі. 

Жалпы алматылықтарды да, Ерболат Досаевты да қаланың келбеті қатты алаңдататын сияқты. Алмалы ауданының халқымен кездесуінде тоз-тозы шыққан, Һәм қараусыз қалған нысандар мәселесі қаузалды. Соның бірі – қаланың қақ ортасындағы көне Никольский базары. Төрт жыл бұрын  сауда орны жабылғанда ол жерге тұрғын үй кешені салынады делінген. Бірақ әлі күнге дейін қаңырап тұрған жерді әкім Нидерландының Роттердам базарындай етіп жайнатқысы келетін жоспарын айтты.

Дереккөз ktk.kz. Фото  tengrinews.kz