Мұнайдан түскен табыстың қанша пайызы Қазақстанда қалады

Мұнайдан түскен табыстың қанша пайызы Қазақстанда қалады

              "Желмая" Youtube жобасында Қазақстан мұнай газ саласы сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов Қазақстанда мұнайдан түскен табыстың қанша пайызы елімізде қалады деген сұраққа жауап берді.

              Рашид Жақсылықов бұл өте ауыр сұрақ екенін жеткізді.

             "Өйткені о баста қазақи кеңпейілділігіміз ұстады ма, мамандардың тапшылығы болды ма әлде прагматикалық тұрғыда есептен қателестік пе, алғашқы келген инвесторлармен 40 жылға дейін өнімді бөлісуге қатысты келісімшарт жасадық. Бұл жерде жыл сайын Қазақстанның алатын үлесі ұлғая береді. Мәселен, қазіргі уақытта теңіз-жер қойнауы бойынша Қазақстанның табысы жаман емес. Өте жақсы. Бірақ Қашаған бойынша 10 пайызға да жетпейді. Сол себепті бұнда барлығы келісімшартқа байланысты", - деп түсіндірді Қазақстан мұнай газ саласы сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы.

               Ол келісімшартты көзімен көргендер аз болуы мүмкін екенін атап өтті.

               Сонымен қатар Рашид Жақсылықов "неліктен арабтар секілді өмір сүрмейміз" деген сұраққа да жауап берді.

               "Басқа мемлекетте болады, бізде неге болмайды деген заңды сұрақ. Бұндай сұрақтарды жоққа шығара алмаймыз. Бұның да өзінің белгілі себептері бар.

                Біріншіден, арабтардың табысы екі саладан ғана келіп отыр – мұнай-газ және туризм. Басқа айналысатын ештеңе жоқ. Олар халықты асырау үшін ұлттық негізді күшейту керегін білді. Қазір арабтарда ұлттық негіз 100 пайыз. Біз тіпті кейбір техниканы арабтардан әкеліп отырмыз. Өндіріс зауыттарын елдерінде ашып тастап, соны экспорттап отыр", - деді ол.

                Жоба қонағының сөзінше, бұл отансүйгіш, ұлтжанды адамдардың қолынан келетін іс емес, ол үшін мемлекет тиісті бағдарлама қабылдауы қажет.

                "Мәселен, Норвегияда мұнайға қызмет көрсету саласы өндіріліп жатқан мұнай мен газдан 4-5 есе пайда береді. Осы жерде қызмет көрсету саласын экспорттауға қол жеткізді деген сауал туындайды. Олар өндірілген өнімді бөлісу келісімшартына қол қойған кезде нақты тармақ - "егер азамат жұмыс істейтін болса, онда ол норвег тілінде сөйлеп, осы тілде хат жазысу керек" бар. Мұнай саласына 100 мыңдаған маман екен. Осы елдің тілінде жазатын адамдарды қайдан таба береді?! Кейін инвесторлар мұнай саласына норвегиялықтарды тартып, оларды өздері оқытып алды. Ал олар он шақты жыл жұмыс істеп, өз компанияларын ашып алды", - деп түсіндірді маман.

                 Рашид Жақсылықовтың сөзінше, оларға ұлттық қордан мұнай саласында өндіріс ашып, осы саланы дамыту үшін 1,5-2 пайызбен несие берген.