Мұғалімдер мен ата-аналардың сөйлескен сәті құрылғыға жазылады

Мұғалімдер мен ата-аналардың сөйлескен сәті құрылғыға жазылады
фото: bangkokbook.ru

Сеулдің барлық бастауыш мектебінде ата-аналармен сөйлескен сәтті жазып отыратын құрылғылар орнатылады.

Бұдан бөлек, бастауыш және орта мектептерде мұғалімдердің атынан ата-аналардың шағымын қарайтын чат-бот енгізіледі, деп хабарлады Сеул білім бөлімінен.
Бұл – Оңтүстік Корея мектептерінде мұғалімдердің өз-өзіне қол жұмсауынан кейін басқа мектептердегі ата-аналар тарапынан жасалатын буллингке жол бермеу үшін жасалған шаралардың бірі. Жоспарға сәйкес, желтоқсан айында ата-аналардың шағымын тәулік бойы қарастыратын пилоттық чат-бот қызметі іске қосылады. Ал наурыз айында ел астанасының барлық бастауыш және орта мектебіне енгізілмек.

Жеке назар аударуды қажет ететін ата-аналардың шағымы білім беру басқармасының байланыс орталығына немесе жеке чат қызметіне жіберіледі.
2024 жылдың соңына қарай Сеулдегі барлық бастауыш мектепте телефон жазу құрылғылары орнатылады және ата-аналар келесі қыркүйек айынан бастап мұғалімдермен кездесу үшін мобильді қосымша арқылы алдын ала рұқсат алуы қажет. Сонымен қатар ата-аналар тарапынан кез келген сөзбен балағаттау немесе зорлық-зомбылық көрсету жағдайын болдырмау үшін мектептердің мәжіліс залдарында бейнебақылау жүйесі де орнатылады.

Осы шараларға сәйкес Сеул білім басқармасы заңгерлік қолдау жүйесін енгізуді жоспарлап отыр, оның аясында әр мектепке адвокат тағайындалады. Ол оқушыларға қатыгездік жасады деп айыпталған мұғалімдерге заңгерлік кеңес береді.

Қыркүйек айының басында бүкіл Оңтүстік Кореяда жаппай митингілер өтті. 120 мыңға жуық мектеп мұғалімі ата-аналардың қорқытуынан кейін өз-өзіне қол жұмсаған әріптестерін жоқтау үшін көшеге шыққан.

Шерушілердің мақсаты – билік өкілдерін алдағы уақытта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін шара қолдануға шақыру.

Дереккөз ҚазАқпарат