фото: https://pixabay.com/ru/
Мереке. Қала көшелерінде әрі-бері асыққан жігіттер қауымы. Қолдарында бір-бір раушан гүлдері. Көз тартатын көрініс, солай емес пе?
Осындай күнді әйел қауымымен бірге асыға күтетін жандар бар. Олар – гүл бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер.
Гүл- сұлулықтың, әсемдіктің, көркеюдің белгісі. Әрбір гүл – табиғаттың таңғажайып жұмбағы, тамсанасың, таңдай қағасың. Осындай табиғаттың әсемдігі Қазақстанға қалай келеді, бүгінде кәсіпкерлер гүл өсірудің тиімді жолдарын тапты ма, зерттеп көрейік.
Негізі қызғалдақтың отаны – Голландия деп жатады. Ал Қазақстанға гүлдер Голландиядан бөлек Эквадор, Кения, Колумбия елдерінен әкелінеді. Ал Америка мен Африкадан әкелінетін гүлдер, алдымен Нидерландыға келіп, кейін дүниежүзіне таратылатын көрінеді.
Гүл сату бизнесімен айналысатын мамандардың сөзінше, Голландия, Беларусиядан гүлдер үлкен көлемде 70-80 теңгеден келеді. Оған транзиттік қызметтерді қосыңыз. Шамамен бір гүл елге келем дегенше 130-150 теңгеге келеді. Бірақ Ресейдегі соңғы кездегі жағдайға байланысты бұл бағалардың өскенін де жасырмады.
Мереке қарсаңында раушангүл мен қызғалдақтарға сұраныс екі есе өседі. Ішкі нарықтың қажеттілігінің жартысын импорттан келген өнімдер қанағаттандырып отыр. Ал қалған бөлігі отандық өнімнің үлесінде. Отандық үлестің 30 пайызы ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған - Алматы мен Шымкент қалаларындағы 5 ірі жылыжайдың еншісінде. Қалған 20 пайыз өнім - ішкі нарықта ұсақ партиялармен жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің үлесінде. Гүлдердің отандық гүл өніміне қосқан үлесі 30%-ды ғана құрап отыр, демек қалған бөлігі сырттан тасымалданады. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, шамамен Қазақстанға 160 миллион доллардың гүлдері жеткізіледі. Осы тұрғыда бағаны тұрақтандыруда, бәсекелестікті басқаруда өзіміздегі жылыжайлардың көп болғаны керек-ақ.
Қазақстанда гүл сату бизнесі
Қазақстанда қызғалдақтың 32 түрі кездессе, оның 11-і біздің жерімізде өседі. Олар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қазақстан бүгінде өз жерінде гүл өсіру ісін қолға алған мемлекеттер қатарында. Осындай жылыжайды салып, кәсіп бастау үшін – шамамен 2-3 миллион қаржы керектігін айтады. Кей кәсіпкер оны 2-3 айда ақтап алғандарын да жеткізеді.
Астана қаласында тұратын жеке кәсіпкер Ерболат Оңғарбекұлы жылыжайда қызғалдақтардың бірнеше түрін өсірумен айналысады. Айтуынша, мереке қарсаңында гүлге сұраныс та артады.
1 қаңтардан бастап негізгі жұмысымда отставкаға кетіп, осы жылыжай кәсібіне келдім. Ең бірінші өнімім – қызғалдақтар. Тұқымын Голландиядан алып, қазіргі таңда 11 түрін отырғызып, сатылымға шығарып отырмын, - деді ол.
Гүлдер желтоқсан айында отырғызылып, қаңтардан бастап оларға көктемнің имитациясы жасалынады. Ол дегеніміз, температураны жай-жай көтеріп, 15 градусқа дейін соңғы гүл шыққанша, ұстап отыратынын айтады кәсіпкер. Сондай-ақ ауа алмасының жақсы болғаны, күнделікті сумен қамтамасыз етілгені маңызды.
Мереке қарсаңында қызғалдаққа сұраныс өте жоғары. Тіпті, бәсекелестік те жоғары болады деп айта аламын. Мысалы, бізде жаппай сатылым бағасы – 300 теңгеден басталады, - деп атап өтті кәсіпкер.
Жылыжайда гүл өсірушілер қатарында Шымкент, Алматы қаласы алғашқы орындарда. Себебі басқа өңірдегі кей дүкен осы екі қаладан гүлдерді тасымалдап отыр. Жаппай сатылымдағы бағалары да шамалас – 300-350 теңгені құрайды. Ал бұл гүлдер дүкен сөрелеріне барғанда қандай бағамен сатылады?
Әдеміліктің құны қанша?
Гүл сататын дүкендер әдетте мереке күндері мол олжаға кенелетіні жасырын емес. Соның бірі – наурыз айы. Алғыс айту күні бар, халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мерекесі тағы бар. Сондай-ақ туған күндер мен 1 қыркүйек – білім күнінде де жақсы табыс табуға болатын көрінеді.
Елордада гүлдер бағасын білу мақсатында бірнеше сауда дүкендеріне хабарластық. Бірі – қызғалдақтардың бағасы – 800 теңгеден басталатынын айтса, раушан гүлдері – 1000 теңгеден жоғары болмақ. Ал алдын ала жасалған гүл шоқтары 10 мыңнан басталып, 50-100 мыңға дейін барады. Сатушылардың көбісі әдемі мерекеде ер-жігіттер әйелдеріне ақша аямайтынын айтады. Дәл осы күндері гүлдің бағасы да күнделікті бағадан көбейіп сатылатын да айтты.
Ал еліміздің басқа өңірінде баға сәл арзандау. Мысалы, қызылордалықтар ең арзан жер деп бағалаған жерде гүлдің бағасы – 300 теңгеден басталады. Осы салада 10 жылдай қызмет етіп келе жатқан Айдос Назаров мерекедегі қарбалас туралы айтып берді.
Бізде гүлдердің бірнеше түрі бар. Сондай-ақ бөлме гүлдері де сатылымда бар. Ерекше мерекелерде халыққа қолжетімді бағада көңіл-күй сыйлауға асығамыз. Қаладағы дүкендермен салыстырғанда бағаларымыз арзан деп айта аламын. Мысалы, раушан гүлдері – 400 теңгеден басталса, қызғалдақтар – 600 теңгеден жоғары болмақ. Мереке күндері келушілер күнделікті күннен өте көп болады. Бірақ біздің ұжым барлық адамның қалауын тауып, іздегенін беріп жатады. Алдағы мерекелерге де сақадай саймыз, - деп атап өтті ол.
Иә, гүлдер кімге болсын қуаныш сыйлайды. Тіпті, ол бір сәттік сезім болса да, әйел адамның көңіліне ерекше әсер етеді. Ең бастысы – көңіл. Осындай күні әрбір қыз-келіншек өзін бақытты сезінері сөзсіз. Осыдан-ақ гүлдің қандай бағалы сыйлық боларын сезінуге болады. Авторы Аида Батухан.
Baq.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через