фото: muzoktcrb.ru
Жыл басынан бері Алматы қаласында этиологиясы энтеровирус болған серозды менингитінің зертханалық расталған 85 жағдайы тіркелді.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, ауру негізінен 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген.
«Әлеуметтік-кәсіби топтар бойынша сырқаттанушылық мектеп оқушылары арасында басым, олардың үлес салмағы 62,2% (53 жағдай), ұйымдасқан балалар арасында 12 жағдай (14,1%) және ұйымдастырылмаған балалар арасында 19 жағдай тіркелді (22,3%) және басқа тұрғындар арасында 1 жағдай (1,2%)», - деді Қасымхан Алпысбайұлы.
Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, науқастар өз ауруын ЖРВИ-мен, жеке гигиенаны сақтамаумен, жуылмаған жемістер мен көкөністерді тұтынумен, жіті респираторлық инфекцияның салдарымен және ашық су қоймаларында шомылумен байланыстырады.
«Эпидемиологиялық маусымның басынан бастап сыртқы орта мониторингі жүргізілді. 23 ағынды су сынамасы алынды. Ашық су қоймаларынан 103 су сынамасы, субұрқақтар мен бассейндерден 252 су сынамасы теріс нәтиже берді», - дейді Қасымхан Алпысбайұлы.
Энтеровирустардың таралу жолы әртүрлі. Энтеровирустық инфекциялар көбінесе нәжіс-ауыз қуысы арқылы (ластанған тағам өнімдері, көкөністер мен жемістер, су, әсіресе ашық су қоймаларында, хауыздарда шомылғанда), тұрмыстық жолмен (вирусты тасымалдаушымен тікелей қарым-қатынаста болу немесе үйде қолданылатын ластанған заттар арқылы) және ауа тамшылары (жөтелгенде, түшкіргенде сілекей тамшылары, қақырық) арқылы беріледі. Энтеровирустық инфекциялармен жапа шегушілердің көбіне үш жастан алты жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. Жасы ұлғайған сайын сырқаттанатындар саны азаяды. Өйткені инфекция қоздырғыштарын ағза қабылдамайды.
Бір жасқа дейінгі сәбилер арасында жұқпа ауыр түрде өтеді. Сырқат суық тиюдің жеңіл белгілерімен басталады. Әлсіздік, дене қызуының 39-40 0С-қа көтерілуі, бас ауруының үдеуі, жүрек айнуы, құсу, іштің ауруы, аяқ-қол тартылуы да мүмкін.
Аурудың алғашқы белгісі білінгенде, дереу дәрігерге көріну қажет. Өйткені энтеровирустық инфекция, соның ішінде серозды менингиттің ағзаға (көз көрмей, құлақ естімей қалады және психиканың өсуіне кедергі болады) тигізетін теріс әсері зор.
Энтеровирустық инфекциялардың, соның ішінде серозды менингиттің алдын алу шаралары кез келген ішек инфекцияларының шараларына ұқсас болып келеді. Аурудың алдын алу мақсатында оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
- ішу үшін тек қана қайнатылған немесе бөтелкедегі суды колдану керек;
- әрбір тамақ ішер кезде және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуып, жеке және қоғамдық гигиенаның қағидаларын қатаң сақтау қажет;
- түшкіргенде және жөтелгенде бір рет қолданатын майлықтарды пайдалану қажет;
- жемістер мен көкөністерді қолданар алдында алдымен щеткамен, сосын қайнап тұрған сумен мұқият жуу керек;
- тек қана арнайы келісілген орындарда ғана шомылу қажет және оның суын жұтпауға тырысу керек;
- ауру деңгейі көтерілген кезеңде хауыздарға, аквопарктерге және ашық су қоймаларына барудан бас тарту керек;
- жеке адамдардан және сауда орындарына жатпайтын жерлерден тамақ өнімдерін сатып алмау керек;
- бөлмелерді жиі желдетіп, сулы тазалау жұмыстарын жүргізу қажет;
- ұйымдасқан ұжымдарға ауырған балаларды жібермеу керек.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото muzoktcrb.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через