Мемлекет 70 мың қазақстандыққа үйдің арендасын төлеуге көмектеседі

Мемлекет 70 мың қазақстандыққа үйдің арендасын төлеуге көмектеседі
фото: https://sputnik.kz

Субсидиялау тетігі аясында мемлекет аренда ақысының 50%-ін бюджет ақшасы есебінен өтейді, қалған жартысын отбасы өз қалтасынан төлейді

Биыл тұрғын үйдің жалға алу ақысын субсидиялау тетігімен 70 мыңға жуық қазақстандық қамтылады, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Елімізде жеке тұрғын үй қорындағы баспананың жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатыр.

"2023 жылы бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінбек. Субсидиялау бағдарламасымен 70 мыңға жуық адам қамтылады. Мемлекет осы азаматтар жалға алған үйдің арендасының 50%-ін төлейді", - делінген хабарламада.

Бағдарламаға қатысу үшін қазақстандық Otbasybank.kz платформасында өтініш жіберуі керек. Субсидиялауға өтініштер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады.

Азаматтар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздеп, таңдайды. "Отбасы банк" тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді.

Жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектер, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орташа айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.

"Отбасы банк субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайды. Ал жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді", - деді министрліктегілер.

Бұл ретте жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынады.

Қазақпарат