Мектептер қызылшаға байланысты карантинге жабыла ма?

Мектептер қызылшаға байланысты карантинге жабыла ма?
фото: azattyq-ruhy.kz

 Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ОКҚ алаңында өткен брифингте қызылшаға қатысты мектептердің карантинге жабылуына қатысты сұраққа жауап берді.

Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі тиісті іс-шаралар қабылдап жатыр. Қызылшаны ауыздықтау, оны таратпау бойынша ауқымды іс атқарылып жатыр. Мектептің жұмысын тоқтату немесе тоқтатпау мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде, сондықтан олардың шешімін күтеміз, - деді ведомство басшысы.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысының кулуарында дерттің өршуіне қатысты Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев түсініктеме берген болатын.

Биыл қызылшамен ауырғандар саны 11 мыңнан асып түсті. Жағдай әсіресе Шымкент, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл облыстарында ушығып тұр. Жалпы сырқаттанған адамдардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 85%-ы – екпе алмаған балалар. Сондықтан екпені нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 6-11 айлық сәбилер мен 2-5 жас аралығындағы балаларға екпе салынады. Ал екпе алмағандардың басым көпшілігінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе әлеуметтік желілерден шындыққа жанаспайтын ақпараттар алған. Соған байланысты ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартып жатыр, - деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Baq.kz