фото: pexels.com
Ақтөбедегі №55 орта мектеп есепшісі 400 млн теңге ақшаны заңсыз иемденіп, оны құмар ойынға салып жібергені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол шығынды өтеуі тиіс.
№2 Ақтөбе қалалық сотында өткен сот отырысына бұл жолы өңірдегі 400-ге жуық мектептің директоры, есепшісі онлайн қатысты. Соңғы сөзінде сотталушы өз кінәсін толық мойындап, анасынан кешірім сұрады.
- Мен тергеу органдарына үнемі көмектестім. Өз ісімді жасырмадым, мойындадым. Мені қатаң жазаламауды сұраймын. Қылмыстық кодекстегі «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабын «Алаяқтық» бабына ауыстыруды сұраймын. Осы сәтті пайдаланып мен анамнан кешірім сұраймын, - деді сотталушы.
Сот үкімімен Б.Таженов айыпты деп танылып, Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша 7 жылға бас бостандығанан айырылды. Ол 10 жыл бойы қаржыға жауапты қызметте еңбек ете алмайды. Сонымен бірге жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Судья Ақмарал Әлиева Ақтөбе облыстық білім басқармасының азаматтық талап арызын қанағаттандырып, сотталушыдан 413 млн теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттеді. Тексеру кезінде мүлт кеткен Ақтөбе облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаментіне, бақылау жүргізбеген облыстық білім басқармасына жеке қаулы шығарды.
Еске салсақ, мектеп есепшісі 2015-2023 жылдар аралығында мемлекетке 413 млн теңгеден астам шығын келтірді. Ол қаржыға бәс тігіп, ұтылып қалған.
Дереккөз kaz.inform.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через