Мектеп формасы: Алматы базарларындағы баға қандай

Мектеп формасы: Алматы базарларындағы баға қандай

Жаңа оқу жылына он күн қалды. Мектепте оқитын баласы бар ата-ананың бәрі дерлік дүкен-базар аралап, оқушы киімі мен қалам-дәптерін алып жатыр. Оқу құралдары мен киім-кешек отбасы бюджетіне қанша салмақ салады? ҚазАқпарат тілшісі базарларға шығып, бағаларды өз көзімен көріп, ата-аналармен тілдесіп қайтты.

Көптеген қала тұрғындары мен мегаполис қонақтары сауда жасау үшін барахолкаға барады. Олардың пікірінше, мұнда іздегеніңді арзан бағаға табуға болады. Сонымен қатар, таңдауға да мүмкіндік мол. Расында, бұл жерден отандық өндірушілердің, Қытайдан, Түркиядан, Ресейден, Қырғызстаннан әкелінген заттарды кездестіруге болады.

Мектеп формасын сатушылардың айтуынша, ата-аналардың басым бөлігі отандық брендтерді таңдайды. Олардың бағасы барлық жерде бірдей.

Қыз балаға:

Ақ жейде – 6 000 теңгеден жоғары

Белдемше – 7 000 теңге

Жакет – 12 000 теңге

Көкірекше – 6 000 теңге

Шалбар – 6 000 теңге

Сарафан – 10 000 теңге

Барлығы: 47 000 теңге.

Ұл балаға:

Пиджак – 12 000 теңге

Көкірекше – 6 000 теңге

Шалбар – 7 000 теңге

Жейде – 5 000 теңге

Галстук – 2 000 теңге

Барлығы: 32 000 теңге.

 Базарларда, кеңсе тауарларын сататын дүкендерде балаларын жетектеп, оқу құралы мен мектеп формасын іздеп жүрген ата-ана өте көп. Солардың бірі – көпбалалы ана Мөлдір Мұқанова. Балаларының үшеуі мектепте оқиды. Айтуынша бәрі қымбаттап кеткен. Ол әр баласына шамамен 90-100 мың теңге жұмсапты.

«Көбіне отандық өндірушілердің киімін аламыз. Қызыма белдемше қарадық. Қара көк түсті белдемшелер 6-7 мың теңге шамасында екен. Костюмі бөлек сатылады. Оның бағасы – 12 мың. Ақ түсті жейде 8 мың теңге болды. Сөмкелер 15 мың теңгеден басталады. Аяқ киімнің сапалысы 25 мың теңге деп тұр. Жасөспірім қызға кеңсе тауарларына 12-13 мың теңгедей жұмсалады. Бұған дәптер, қарындаш, қаламсап, пәнге арналған дәптерлер, сызғыш, өшіргіш, күнделік, пенал, қаптама кіреді», - дейді ол.

Айтуынша, 2-сыныпқа баратын ұлына 70 мың теңге жұмсаған.

«Костюм-шалбарды 23 мың теңгеге сатып алдық. Жеңі қысқа және ұзын ақ жейдеге 11 мың теңге бердім. Галстук – 3 мың. Классикалық және спорт аяқ киімінің әрқайсысын саудаласып жүріп, 20 мың теңгеге алдық. Дене шынықтыруға киетін формаға 8 мың теңге жұмсадым. Енді осыған сөмекесі мен оқуға қажетті құралдарын қосыңыз. Тағы бір ұлым 10-сыныпқа көшті. Ол біздің алып бергенді кимейді. Ал, өзі таңдап алған киімі мен сөмкесінің бағасы айтпсақ та түсінікті», - дейді көпбалалы ана.

Расында, тіпті жай дәптер бір жерде 35 теңгеден сатылса, бір жерде – 45 теңге. Ал, 48 беттік қалың дәптердің ең арзаны 250 теңгеден басталады. Сызғыш – 150, қалам – 35 теңгеден басталып, көтеріле береді.