Мәскеу–Алматы әуебилетінің бағасы 8 млн теңге

Мәскеу–Алматы әуебилетінің бағасы 8 млн теңге

Бұл ақпаратқа көзім түскенде алғашқыда фейк ақпарат деп қабылдадым. Алайда жаңылыспаған екенмін.  Аталған бағыттағы биеттің құны 8 млн 200 мың болғаны расталды. Бағаның аяқ астынан бұлай құбылғаны көпшілікті дүрліктіргені рас. Содан болар ресми орындар үнсіз қалмады.

Азаматтық авиация комитеті Ресей  астанасы Мәскеуден Алматыға рейстерге билеттердің қымбаттағаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерде билеттердің бағасына қатысты таратылып жатқан ақпараттағы билеттердің құны Дубай арқылы Мәскеу – Дубай ("Emirates" әуекомпаниясы) және Дубай – Алматы ("Эйр Астана" әуекомпаниясы) маршруты бойынша транзиттік рейстерді ескере отырып көрсетілген. 

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мәскеу - Алматы бағыты бойынша әуе билеттерінің қымбаттағаны туралы ақпарат пайда болған еді. Желі қолданушыларды 22 және 23 қыркүйектегі жағдай бойынша бір жолаушыға билеттің құны тиісінше 7,8 миллион және 8,2 миллион теңгені құрайтыны туралы ақпарат таңғалдырған.

Жалпы Ресейден Қазақтанға ғана емес, жақын елдерге қатынайтын ұшақтардың билеттері түгел өскен. Бұған ресейліктердің әрекеті себеп болса керек. Олар  Мәскеуден Түркияға, Әзербайжанға, Арменияға және басқа көршілес визасыз елдерге тікелей рейстерге билеттер сатып алды.

Aviasales қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта ресейліктер Мәскеуден Ыстамбұлға тікелей рейске билетті 23 қыркүйек, жұмадан бұрын сатып ала алмайды. Оның бағасы 76 мың рубльден (606 мың теңге) басталады. Рейсті "Аэрофлот" әуекомпаниясы орындайды. Алайда тасымалдаушының сайтында мұндай билет жоқ. Ыстамбұлға ең жақын қолжетімді тікелей рейс - 25 қыркүйек. Билеттің құны 58 мың рубльден (463 мың теңге) асады. Сонымен қатар, Turkish Airlines ұқсас рейске билеттерді 82 мың рубльге (654 мың теңге) ұсынады, бірақ ол жерге 24 қыркүйектен ертерек ұшуға билет жоқ.

Ұқсас жағдай Мәскеуден Ереванға тікелей рейстерде де байқалады. Аэрофлот сайтында 23 қыркүйекте тек бизнес-класқа билеттер қалған (122 мың рубльден бастап (974 мың теңгеден). Сонымен қатар, 24 қыркүйекте ресейліктер 62 мың рубльге (495 мың теңге) "үнемдеп" ұшып кете алады. Аэрофлоттан Бакуге тікелей рейске билетті 23 қыркүйектен ерте емес және 75 мың рубльге (599 мың теңге) сатып алуға болады.

Сонымен қатар, "Әзербайжан әуежелілері" 22 қыркүйектен бастап 719 еуроға (342 мың теңге), 24 қыркүйекке 394 еуроға (187 мың теңге) билеттер ұсынады. 23 қыркүйектен бастап ресейліктер Ташкентке ұша алады деп хабарланған. Баға - 64 мың рубль (510 мың теңге).

Қазііргі баға осындай. Алдағы уақытта қалай құбылатынын уақытында көрерміз. Кейбір блогерлер мәскеуліктердің аяқ астынан  жаппай өзге елге саяхаттауына Ресей басшысының запастағы әскерилерді әскер қатарына шақыру туралы жақында шыққан жарлығы себеп болғанын алға тартады. Расында осылай болды ма, әлде ресейліктер саяхаттап, ел-жер көріп, демалып қайтуды көздеді ме, ол жағын дөп басып айта алмаймыз.       

Фото: nur.kz, kaz.tengritravel.kz.