Маралдыдан алтын фабрикасы салына ма?

Маралдыдан алтын фабрикасы салына ма?

Маралдыдан алтын фабрикасы салына ма?

Шығыстағы Маралды ауылының тұрғындары алтын өндіру фабрикасының салынуына қарсылық білдіріп келеді, осыған байланысты өндіруші компания әзірге құрылыс жұмыстарын бастай алмай отыр.

Шығыстағы Күршім ауданының Маралды ауылында алтын кенін өндіретін фабриканың құрылысы жоспарланып отыр. Алайда, жергілікті жұрт аталған өндіріс орнының салынуына үзілді-кесілді қарсы. Неге?

Фабрика құрылысына қатысты өткен қоғамдық тыңдауларда тұрғылықты халық өз пікірін білдірген-ді. Облыстық, аудандық әкімдіктердің қызметкерлері, депутаттар мен экологтар қатысқан жиындарда бұл бастама қызу талқыға түскен болатын. 

https://baq.kz/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202022-09-23%20at%2001_47_13%20(1).jpeg

Әлбетте, фабрика салғысы кеп отырған компания өкілдері жобаның экологиялық талаптарға сай келетінін айтады. Бірақ, алтыны бар кен ашық жолмен қазылып алынбақ, яғни жердің бетінде қазаншұңқырлар пайда болады. Елді алаңдатып отырғаны да осы жайт.

Жергілікті жұрт құрылысқа өз қарсылықтарын білдіруде. Жоба қазір экологиялық сараптамадан өтіп жатыр. Қоғам пікірі мен сол сараптама нәтижесін негізге ала отырып, алдағы уақытта нақты шешім шығарамыз, – деген болатын алғашқы тыңдауға қатысқан Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов.

Дау-дамай өршіп, Маралдының тұрғындары сонымен қатар ел Президентіне арыз жазып, алтын қазушылардың ісін тоқтатуды өтінген-ді. 

https://baq.kz/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202022-09-23%20at%2001_47_13.jpeg

Халықтың талабы да орынды. Алтынды карьерлік тәсілмен өндіру қазіргі металлургия саласында «жабайы» деп саналады. Табиғаты керемет өңірдің астаң-кестеңі шығып, тау-тау үйінділер пайда болады. Алтынды кеннен ыдыратып алу үшін натрий циониді деген аса улы зат қолданылады. Сөйтіп, мөлдір өзендерге, жерасты суларына улы заттар құйылады. Содан кейін адамдардың денсаулығына, төрт түлік малға да зиян тиеді. Жергілікті биліктегілер алтын өндіруші компанияның мүддесін қорғап отыр деген ел облыс әкімі мен бас прокурорына да хат жазып жүгінген.

«Алтын өндірісі фабрикаларын құру ниетіндегі олигархтардың баса-көктеген әрекетінен қорғану үшін Сізге жүгінуге мәжбүрміз. Соңғы бес жылда алтын өндіруші компаниялар аудан аумағында алтынды жабайы жолмен алып, экожүйеге нұқсан келтіріп отыр. «BCAM Продакшн» серіктестігі алтын өндіру фабрикасын Маралдының ішіне салмақ. Жобаны іске асыру үшін жалпы ауданы 90,4352 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға берілген. Төрт қоғамдық тыңдау да бірауыздан келіспеу шешімімен аяқталды. Ауданның және Маралды ауылының әкімдері фабриканың салынуына тұрғындарды үгіттеп, тіпті кейбіріне қысым жасауда» делінген Мемлекет басшысының атына жолданған хатта.

Жалпы, Маралды ауылы таулы өңірде, Маралды мен Күршім өзендерінің түйіскен тұсында орналасқан. Осы өзен-суларда Қызыл кітапқа енген күмжі мен майқан балықтары мекендейді. Оған қоса, ауыл тұрғындары осы өзендердің суын ішіп отыр. 

https://baq.kz/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202022-09-23%20at%2001_47_12%20(2).jpeg

Осы жылдың 3-ші мамырында Маралдыда бүкіл елді елең еткізген оқиға болды. Атап айтқанда, жергілікті халық Күршім өзенінен өтетін жалғыз көпірден алтын өндірушілердің жүк көліктерін, бульдозерлері мен экскаваторларын тірі баррикада жасап өткізбей қойды. Жалғыз көпір ауыр техниканың салмағынан қирауы ықтимал еді. Онымен қоса, тұрғындар фабрика салуға да келісім бермеген. Бір қызығы, бұрын осы көпірде 20 тоннадан асатын көліктердің өтуіне тыйым салынады деген белгі тұрған екен. Құрылыс басталған бір түннің ішінде бәзбіреулер 20-ны 70-ке өзгертіп тастапты. 

17-ші маусымда Маралдының он шақты тұрғыны базыналарын айту үшін Астанадағы Ақорданың алдына да барған.

https://baq.kz/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202022-09-23%20at%2001_47_12%20(1).jpeg

Компаниялар халық қарсылығына қарамай ауыл іргесінен алтын өндіретін фабрика салмақ. Халық қарсы шыққан соң әзірге жұмыстарын тоқтатты. Күршім өзенінің бойындағы 10 ауылдың халқы толығымен қарсылық білдіріп, қол қойып берді. Ауыл тұрғындары жиналып, Өскеменге барғанбыз. Бірақ, ол сапардан түк шықпады, сол себепті, міне, елордаға кеп отырмыз, – деген болатын сол жерде тұрған ауыл тұрғыны Нұрбек Байтұрсынов.

Алтын өндірушілер Маралдыдан жарты шақырым жердегі таудың төбесін тегістеп, қазуды бастап кеткен. Салдарынан ауылды шаң басып, халық үйлерінен шыға алмай қалған еді.

https://baq.kz/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202022-09-23%20at%2001_47_12.jpeg

Руданы ыдыратуға қажет натрий цианиді – зиянды зат. Ағын сулар арқылы адам мен малдың ағзасына түссе, қиын. Алтын қазушылар жайылым жерді тарылтып, қоршаған ортаға залал келтіреді, – деген еді Ақорда алдына барған ауыл тұрғыны, геолог Бақытжан Тоқан.

Бүгінге дейін «Күршім ауданында алтын өндіру фабрикаларын салуға қарсымыз» деген 650 тұрғынның қолы жинаған. Маралдының өзінде қазір 100-ден астам ғана түтін қалған, бұрын бес есе көп болатын. Тұрғындары негізінен мал бағып, омартамен айналысады.

Былтыр дәл осы Күршім ауданындағы Қалжыр өзенін ластаған алтын өндірушілердің әрекеті ел Президентіне дейін жетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлілерді жауапқа тарту туралы тапсырма берген болатын. Күршім ауданының №2 соты кәсіпкерлерге жарты миллион теңге айыппұл салып, кен өндіруге берілген лицензияларын кері қайтарған.

Жалпы, Өскеменнен 100 шақырым жердегі Маралдының жағдайы жаман емес. 11 сыныптық мектебі бар.  

Осы ауылда туып, өстім. Бұл өзі табиғаты тамылжыған, топырағы құнарлы өлке ғой. Фабрика салынса, олар бір жылда 250 мың тонна кен қазады екен. Ол тау-тау боп үйіліп, айналаны шаңға батырады. Кезінде, кеңес өкіметі тұсында да осында алтынды үңгіп қазу басталған, соның өзінде ел ішінде ауру көбейіп, жабылып тынған, – дейді ауыл тұрғыны Нұрбол Бексұлтан.

Қазірдің өзінде Маралдыда кембағал балалар бар. Округтегі бес адамнан обыр дерті анықталып отыр. Алтын қазу тоқтамаса, науқастардың тіптен көбейері сөзсіз.

Осы өңірге жан-жақтан «қара» алтын іздеушілер де жиі келеді. Олар жерді әр тұстан қабандай қопарып кетеді. Ол шұңқырларға мал қайта-қайта түсіп, әуре етеді. 

Фабрика құрылысы әлі басталған жоқ. Бұл – ауданға тиімді өндіріс. Жұмыс орындары ашылады, – дейді ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.

Фабрика салмақ боп жүрген «BCAM Продакшн» ЖШС өкілдеріне хабарласқанымызда, олар пікір білдіруден бас тартқан. «Тұрғындар келіспесе, сотқа барсын, жауап береміз» деп қысқа қайырған. Облыстық экология департаменті берген мәліметке сенсек, фабрика қоршаған ортаға аса қатты зиян тигізбейді.

https://baq.kz/userfiles/images/2022_05_17_mer_9626.jpg

Қоғамдық тыңдаулар бірнеше рет өтті. Маралдының солтүстік-батысына қарай 2,8 км жерден жылына 250 мың тонна кен өндіретін фабрика салынады. Пайдалану мерзімі – 7 жыл. Өзеннен қашық жатыр, – деп мәлімет береді экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Ол алтынды фабрикада қоршаған ортаға зиян тигізбей шаю жүйесін де түсіндірді. Айналмалы сумен жабдықтау қарастырылыпты. Жұмыстың соңғы жылында, яғни 2029 жылы залалсыздандыру жүргізілетін көрінеді.

Жуырда Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов Маралды тұрғындарымен тағы да кездесті. Жергілікті тұрғындардың наразылығын ескере отырып, «ВСАМ Продакшн» ЖШС енді фабрика орнын Маралды ауылынан 10 шақырым қашықтыққа ауыстыруды ұсынып отыр. Одан бөлек, жобалық құжаттама бойынша тәуелсіз сараптама жүргізілетін болды.

P.S. Тараптардың пікірі осындай. Ал, фабрика салына ма, жоқ па? Ол әлі де ашық сұрақ. Қалай болғанда да, бұл мәселеде барлық тараптың мүддесі ескерілген ортақ бір шешімге келу қажет. Ең бастысы, табиғатқа нұқсан келтірілмеуі тиіс. Алтынға қызығып, әсем табиғатымызды бүлдірсек, келер ұрпаққа не қалдырамыз? 

Барлық құқықтар қорғалған. baq.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://baq.kz/maraldynyn-halqy-altyn-fabrikasynyn-salynuyna-nege-qarsy-287915/