Маңғыстау туристерді несімен қызықтырады?

Маңғыстау туристерді несімен қызықтырады?
фото: Previous ImageNext Image

Маңғыстау облысына жыл басынан бері 250 мыңға жуық турист келген. Маңғаз өлкеге қызығушылық танытқандардың қатары былтырғымен

салыстырғанда 20-30% артқан.

Қараман ата

Өңірлік туризм басқармасының басшысы Маулен Ғабдулқалиевтың айтуынша, ресми статистикаға сәйкес биыл туристер саны 250 мыңға жуықтаса, тіркелмегендерді қоса есептегенде шамамен 500 мыңды құрап отыр.

Маңғыстауға саяхаттап келгендер көбіне Қараман ата жерасты мешітіне аялдайды екен. Жергілікті тұрғындардың сөзінше киелі орынға келетін жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда биыл екі есеге өскен.

-Қараман aтa өз заманында қасиеті біраз елге таралған, беделді, ақ пен қараны айыратын әділ, киесі бар адам болған. Жерасты мешітінде адам емдеп, шәкірттерін тәрбиелеген деген аңыз да бар. Сол себепті, бұл қасиетті мекенге ауруына шипа іздеп, перзент тілеп келіп жатады. Жыл сайын жерасты мешітке арнайы бас сұғып, садақа беріп, құран бағыштап, шипа іздеп келушілер саны артып келеді. Бұл қуантарлық жайт, - деді Маңғыстау ауданының тұрғыны, Қараман ата жерасты мешітіне зияраттап келуші Әзірбай Бекеев.

Сондай-ақ, туристердің басым көпшілігі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптейтін мекеннің бірі - Көгез этноауылынада тұрақтайды. Көгез этноауылының директоры Евгения Слюсареваның айтуынша, қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышта безендірілген демалыс орнына шетелдік азаматардың келуі жиілеп кеткен. Олардың арасында, Корея, Италия және Ресей елдерінің азаматтары бар.

- Көгез этнографикалық қазақ ауылында туристер мен жолаушы қонақтар үшін 15 киіз үй тігілген. Үш бірдей категория бойынша қонақтарға қызмет ұсынылады. Киіз үйдің бірі тамақ ішуге, екіншісі жатын орын, ал үшіншісі суретке түсуге арналған. Этноауылға күніне 5-10 жолаушы келеді. Олардың қызығушылығы ерекше, - деді Евгения Слюсарева.

Көгез этноауылында туристер үшін арнайы атқора жасақтау жоспарланған. Алдағы уақытта туристер ат үстінде сейіл құрып, Маңғыстау даласын аралай алады.

Сондай-ақ, Маңғыстауға саяхаттап келушілер Серікбол Қондыбайұлы атындағы мемориалдық мұражайға да соқпай кетпейді. Олар тек маңғаз мекеннің табиғатына сүйсініп қана қоймай, өңіріміздің тарихына көз жүгіртіп өтеді.

- Биыл мұражайға келушілер саны 15%-ға, ал туристер 7%-ға өсті. Алдағы уақытта, 1 гектар жерге «Миф» алаңы проектісіне жүзеге асыру үшін қаражат бөлінді. Болашақта, аспан әлеміне байланысты, Серікбол Қондыбайұлының тақырыптарынан жасақталған, экпозиция және планеталық ескерткіштер сахналау жобасы іске аспақ. Бұл жоспар да туристерді қызықтыратыны сөзсіз,- деді Серікбол Қондыбайұлы атындағы мемориалдық мұражай директоры Рима Бердиева.

ҚазАқпарат