фото: Aikyn.kz
Табысы төмен әрі ауылда тұратын шамамен 1,5 млн адам бюджеттік қаражат есебінен сақтандырылады.
Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният МӘМС жүйесіне қандай реформалар енгізу қажет екенін айтты.
«Қазіргі кезде қаржы жүйесі актуарлық есептеулерге сәйкес өсіп келе жатқан шығыстарды еңсере алмағандықтан қор өз міндеттемелерін болашақта толық орындай алмайды деп болжап отыр. Жүйенің ұзақмерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін келесі қажет шарттарды ескеру қажет. Біріншіден, 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адамды МӘМС жүйесіне енгізу ескерілген», – деді А. Ғиният.
Министрдің сөзінше, табысы төмен әрі ауылда тұратын шамамен 1,5 млн адам бюджеттік қаражат есебінен сақтандырылады.
2026 жылға қарай бұл халықтың кемінде 95 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен көтеру қарастырылған.
«Бұдан басқа, сақтандырылмаған адамдарға денсаулық және осы салаға қатысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеу енгізу ұсынылады. Мәселен, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және басқа да бағыттарда осындай шектеулерді қарастырған жөн деп санаймыз», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, МӘМС жүйесіне қатысты бюджеттік қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр.
Осы шарттарды орындаған кезде қордың орнықтылығы сақталады.
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через