Лондонда су тапшылығы сезілуде

Лондонда су тапшылығы сезілуде
фото: bangkokbook.ru

       Лондонда суды шамадан тыс пайдалану мен су құбырларының жарылып ысырап болуынан судың берілуі шектелуі мүмкін.
Ағылшын астанасын сумен қамтамасыз ететін өзендер мен жылғалар да кеуіп қалған.

       Лондонда суды шамадан тыс пайдалану мен су құбырларының жарылып ысырап болуынан судың берілуі шектелуі мүмкін. River Action компаниясының атқарушы директоры, эколог Джеймс Уоллес Үлкен Лондон әкімшілігімен кездесуде осындай ескерту жасап, ағылшын астанасын сумен қамтамасыз ететін бор жылғалары да кеуіп жатқанын айтты.

       BBC News әлемдегі бай қаланы сумен қамтамсыз етуде туындаған проблемаларды ашық жариялады. Aikyn.kz сол мақалаға сілтеме жасап, су тапшылығын Лондон билігі қалай шешетіні туралы талдауын ұсынады.

Фото SIPA сайтынан алынды

Лондонның негізгі су жеткізушісі Thames Water компаниясы ұлттық деңгейде суды пайдалану тәсілін өзгерту қажет деп санайды. Компания жақын арада суды пайдалануды шектеу жоспары жоқ екенін айтады. Дегенмен Қоршаған ортаны қорғау комитетінің тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге арналған отырысында Уоллес мырза Лондонның солтүстігін сумен қамтамасыз ететін Чилтерндегі көптеген өзен мен жылға кеуіп жатқанын, ал кейбіреулерінде 25% ғана су ағып жатқанын айтқан.

«Бұл жақында Лондонның солтүстігінде суды шектеуге тура келеді дегенді білдіреді. Біз 20, 30, 40 жылды айтып отырған жоқпыз. Біз қашан мұны төтенше жағдай ретінде қарастырамыз? Жаңа су қоймасын жасау біршама уақытты қажет ететінін түсінемін, бірақ суға деген тұтынушы сұранысын төмендету, жарамсыз құбырларды жөндеу ұлттық деңгейдегі дағдарыс және біз оны шешу керекпіз», – деп мәлімдеген.

 

Осы аптада жарияланған жылдық есебінде Thames Water үш жылдық орташа көрсеткішке негізделген 2022-2023 жылдардағы судың құбырлар тесіліп ысырап болуынан тәулігіне 602,2 миллион литр жоғалтқанын айтты.

Компанияның уақытша атқарушы директоры Кэтрин Росс жоғалтқан су көлемінің үштен бірі құбырлардың жарылуынан емес, шын мәнінде «өлшенбеген тұтыну» екенін айтады.

Ол барлық тұтынушылар үшін су есептегіштерін орнату арқылы қолданылған су көлемін дәл анықтауға болатынын жеткізген. Оның айтуынша, 2050 жылға қарай судың тесілген құбырлардан ағып кетуін екі есе қысқартуға және суды тұтынуды бір адамға тәулігіне 144 литрден орташа есеппен 110 литрге дейін азайтуға бағытталған үкіметтің су жоспары орындалмай жатқанына назар аударды.

Су шаруашылығы туралы Кэтрин Росс: «Біз су туралы ұлттық түсінікті, су туралы көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Мәселен, Лондонның жауын-шашынның мөлшері Иерусалимдегідей жауатынын және біз су жеткілікті ылғалды елде тұрмайтынымызды түсінуіміз керек» деген ойын таратты.

Фото BBC News сайтынан алынды

Метеобюроның мәліметтері бойынша, Лондонда жыл сайын орта есеппен 627 мм жауын-шашын түседі. Ал Израиль метеорологиялық қызметінің мәліметі бойынша, Иерусалимнің орталығына жыл сайын орта есеппен 522 мм жауын-шашын болады екен. Метеобюро Иерусалимде жазда жаңбыр жаумайды, ал Лондонда жыл бойы жаңбыр жауатынын ескерткен.

Росс ханымның айтуынша, Темза өзенінің суын пайдаланушылардың 80% ғана үкімет бекіткендей күніне 110 литр су тұтынса, 20%-ы бау-бақшаға көп су пайдаланады.

Росс ханым компанияның ескірген құбырлары ауыстыруды қажет ететін «ескірген активтер» екенін, бірақ тұтынушылар ауыстыруға қажетті шығындарды көтере алмайтынын мойындаған. 

Фото BBC News сайтынан алынды

Ұлыбританияның сумен қамтамасыз ететін ірі Thames Water компаниясының қаржылық жағдайы 18,3 миллиард доллар қарыздың кесірінен қиындаған. Соңғы апталарда компанияны мемлекет меншігіне өткізу туралы пікірталастар та толастамай тұр. Уоллес мырза бұл акционерлер тарапынан болған «жыртқыштық» алыпсатарлықтың нәтижесі екенін жариялаған. Атап айтқанда, ол компанияның акционері болған австралиялық Macquarie банкі Thames Water-ді «қарызға белшесінен батырды» деп айыптады.

Фото REUTERS сайтынан алынды

Macquarie өкілдері болса: «Компанияны біздің қолдауымыздың арқасында құбырларды жөндеуге рекордтық инвестиция бөлді. Бұл судың ысырап болуын 22% азайтуға көмектесті. Сонымен бірге тұтынушылар үшін судың бағасын ең төменгі деңгейде ұстауға қол жеткізді», – дейді.

Aikyn.kz