Лаңкестер телемұнара мен "Көк базарды" жарып жібермек болған - эксклюзивті фильм шықты

Лаңкестер телемұнара мен "Көк базарды" жарып жібермек болған - эксклюзивті фильм шықты
фото: © Sputnik / Тимур Батыршин

Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің бірнеше қаласында террорлық акті жасауды жоспарлаған лаңкестерді құрықтады. Мұның барлығы "Шыңырау" фильмінде көрсетіледі.

Қазақстан президентінің телерадиокешені дайындаған эксклюзивті фильмде арнайы жасақтар өткізген операциялардың мән-жайы баяндалады. Мәселен, бір топ радикал Алматыдағы "Көктөбе" телемұнарасын жарып жіберуді жоспарлаған.

Ал тағы бір тобы "Көк базар" сияқты адам көп жүретін орындарда жарылыс жасауды көздеген.

Фильмде лаңкестерді анықтау және ұстау шараларын, олардың Сирия мен Ауғанстандағы содырлардан қандай нұсқау алғанын да көрсеткен.

"Шыңырау" жуырда отандық телеарналардан көрсетіледі.

Айта кетері, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті екі терактінің алдын алғанын мәлімдеді. Биыл Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қолдан жасалған жарылғыш затты жарып жібергісі келгендердің әрекеті дайындық кезінде анықталды. Ал Астанада адам көп жиналатын жерде қарулы шабуыл жасау жоспары болған.

ҚазАқпарат