Курсанттар туралы сериал түсірілімі басталды

Курсанттар туралы сериал түсірілімі басталды
фото: tengrinews.kz

Сериал Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған, деп хабарлайды Standard.kz порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бір апта бұрын басталған түсірілім екі айға созылады. Фильм 42 минуттық, 20 сериядан тұрады. 

Телехикаяның премьерасы 2024 жылдың басында отандық телеарнада өтпек. Сериал Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр.

Кинокартинадағы қимылдар Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өтеді. Сюжетте көбіне офицер болуды армандайтын курсанттарды көреміз. Әскери адамдардың өміріне арналған көптеген фильмдер сияқты мұнда да абырой, парыз, жауапкершілік сезімі және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптар қозғалады. Әрине махаббат хикаяларын да айналып өтпейді, - делінген ведомство мәліметінде.

 

Бұл офицер кадрларды даярлайтын әскери оқу орнының курсанттары туралы еліміздегі алғашқы сериал болмақ.

Қорғаныс ведомствосының басшысы дәстүр бойынша түсірілім тобымен бірге табақша сындырып, тілегін білдірді.

Армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 50 жылдан астам тарихы бар. Әскери институт осы жылдар ішінде мыңдаған офицер кадрларды дайындап шығарды.