Көршінің ұшақ жасау саласы күйреп барады

Көршінің ұшақ жасау саласы күйреп барады
фото: Фото: canva.com

Ресейдің үлкен энциклопедиясына" жүгінсек, Кеңес одағының авиациясының іргесін Германия қалаған екен. Немістердің қолдауы арқасында 1918 жылғы 31 наурызда Вена – Краков – Львов – Киев маршрутімен адамзат тарихындағы тұңғыш авиациялық пошта тасымалы ашылды. Сол кездің өзінде әлемде әр салада алда болған Америка өзінің қос орталығы – Вашингтон мен Нью-Йорк арасындағы авиапошта тасымалын тек сол жылғы мамырда ғана жолға қоя алды.

1921 жылғы қарашада КСРО-да "Әуе қозғалысы туралы" декрет негізінде "Дерулюфт" ("Deruluft") орыс-герман әуе қатынасы аралас қоғамы құрылды. Соның көмегімен, 1922 жылғы 1 мамырда Мәскеу –Кёнигсберг бағытында жолаушылардың тұрақты халықаралық әуе тасымалы басталды. 1926 жылы бұл желі Берлинге дейін ұзартылған.  

Немістердің көмегімен 1923 жылы Кеңес одағында "Аэрофлот" құрылды. Ол азаматтық авиация саласындағы монополист болатын. Қазақстанның өз өңірлерімен және өзге одақтас республикалармен әуе қатынасын да сол жүзеге асырғаны белгілі.

Нәтижесінде, "Аэрофлоттың" тарихи рекорды 1980 жылдардың соңында тіркелді. Бір жыл ішінде 120 миллионнан астам жолаушыны көздеген жеріне жеткізіп тастаған екен.

Сол заманда одақта бүкіл жолаушылар ағынының 20%-ы әуе көлігінің еншісінде болыпты. Ал алыс магистральдерге, яғни орталықтан 4 мың және одан көп шақырым шалғай жатқан елді мекендер бағытында жолаушылардың 80%-дайы ұшақпен жеткізілетін. Қазақстанның қияндағы ауылдарына дейін ұшақ ұшатын еді. Азаматтық авиация бұл рекордтарын да сол бойы жаңарта алмады.

Тағы бір айырмашылығы сол, кеңестік азаматтық авиация 15 республикадағы барлық дерлік әуе тасымалын кеңестік өндірістегі өз ұшақтармен жүзеге асыратын. Әрине, сапасы, қауіпсіздігі мен жолаушылар үшін жайлылық жөнінен кеңестік ұшақтар батыстық баламаларына көш жер де жақындай алмайтын еді. 

Дегенмен, бүгінде солтүстік көршінің сарапшылары Ресей азаматтық авиациясының өзге елдер түгіл, өзін де төл өндірістегі ұшақтармен қамтуға қауқарсыз болып шыққанын мойындап отыр. 2023 жылғы авиаөнеркәсіптің азаматтық секторының жұмыс қорытындысын шығарған олар "азаматтық мақсаттағы ұшақтар құрылысы алапат күйрегенін" мәлімдеді.

Сонымен, ресми мәлімет бойынша түгесіліп, тарих қойнауына жол тартқан 2023 жылы ресейлік авиазауыттар жалпы алғанда 9 ұшақ қана шығарды.

Салыстырсақ, Ресей Ғылым академиясының Техника және жаратылыстану тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, ғалым Юрий Кузьминнің мәліметінше, кеңестік авиақұрылыс шырқау шегіне жеткен 1976 жылы одақ елдері 253 жолаушылар ұшағын (Ту-134, -144, -154, Ил-62, Як-40), 101 жүк тасушы ұшақты (Ил-76, Ан-26) және 507 тікұшақты, яғни жалпы саны 861 салмақты әуе көлігін жасапты. Бұдан бөлек, 16 дана Ан-24В жолаушылар ұшағы, 25 спорттық Як-50 Г2-с және басқалары да шығарылған.

Мәскеу үшін бұл заман да келмеске кетті. Қазіргі кезде Ресей кеңестік бұл көрсеткіштің оннан бір бөлігіне де қол жеткізе алмайтын хәлде.

"Яковлев" компаниясы

2023 жыл ішінде Комсомольск-на-Амуре қаласындағы атақты авиазауыт небәрі 1 (!) "Суперджет-100" ұшағын жасай алды. Компания басшылығы бұдан бірнеше жыл бұрын ресейлік SJ-100 әуе көліктерін сериялық өндіріске қоюға сөз берген болатын. Уәдесінде тұрмауының себебі түсінікті: "ресейлік" деп аталғанымен, "Суперджет-100"-дің "жүрегі" – SaM146 француздық-ресейлік турбоактивті қозғалтқыш. Ол "қанат қағуы" үшін мұндай қозғалтқыштың екеуі орнатылуға тиіс.

SJ-100 (енді SSJ-New немесе "Суперджет Нью" брендімен де насихатталып жүр) – бірнеше рет апатқа ұшырап, беделіне дақ түсірген "Суперджеттің" 2018 жылдан бері қолға алынған  модификациясы саналады. Ресей оның құрауыштарында, бөлшек-компоненттерінде, жүйелерінде ресейлік мазмұнды барынша арттыруға тырысуда. Алайда SJ-100 жаңа нұсқасында шетелде әзірленген компоненттер мен жүйелердің 38-ін ғана ауыстыра алды.

Оның арасында кондиционерлеу, тежегіш, электрмен, сумен жабдықтау, қалдықтарды жою жүйелері, сондай-ақ экипажға арналған оттегі жүйесі, ауаның сыртқа кетуін ескертетін дабылдату датчиктері, мұз қату және ауа температурасының дабылдатқышы, шасси, жолаушылар креслолары және басқасы бар. Дегенмен, 100% импорталмастыру сол бойы мүмкін болмапты.

Мәскеу батыстық санкцияға ілігіп, жеткізілімі доғарылған француздық қозғалтқышты ресейлік әзірлемедегі ПД-8 қозғалтқышына ауыстыруға ниетті. Бірақ бұл қозғалтқыш сертификаттау сынақтарынан өте алмай тұр. Онсыз "Суперджеті" көрші Қазақстан түгіл, Ресейдің өз аумағында ұша алмайды.

Ресей үкіметі төрағасының орынбасары – өнеркәсіп министрі Денис Мантуров Ресейді төл ұшақтарымен қамту үшін ПД-8 қозғалтқышының да, сондай-ақ "импорталмастырылған" SJ-100 (SSJ-New) ұшағының сертификациясы да қатар, параллельді жүретінін жария етті. Нәтижесінде, 2023 жылдың аяғында "отандық қозғалтқышпен" ұшатын SJ-100 (SSJ-New) ұшағының 2 бірлігін сынақтық пайдалануға беру жоспарланды. Мәскеудің ол жоспары орындалмай қалды. Таяуда сынақтың 2024 жылдың соңына шегерілгені анықталды.

"Ильюшин" компаниясы

Кеңес дәуірінде аты дүркіреп тұрған Ульянов авиазауытында қазіргі кезде Ил-76МД-90А сериялық ұшағының жаңа бірлігінің зауыттық қабылдау-тапсыру сынақтары өтіп жатыр. Әуе көлігі Ресей қорғаныс министрлігінің контрактісі аясында жасалған.

Бұл – 2023 жылы өндірілген 4-ші ұшақ болмақ. Салыстырсақ, бұл зауыт бұрын осы модельдің жиырма шақты данасын құрастырған екен. Соғыс басталып, батыстық санкциялар күш алғалы өндірісі дағдарған. 2022 жылы қорғаныс министрлігіне Ил-76МД-90А модернизацияланған тасымал ұшақтарының небәрі 5 данасын тапсыра алды.

2023 жылы әйгілі авиазауыт Ил-76МД-90А ұшақтарының 6-ауын жасауға міндеттеме алыпты. Оны орындай алмады.

"Туполев" компаниясы

Төл жоспары бойынша Татарстанның астанасы – Қазандағы авиазауыт 2023 жылы Ту-214 жолаушылар ұшағының 3 данасын ғана тапсырыс берушілерге табыстауға тиіс болды.

Олардың екеуінің құрылысы бітпеген. Дайын болмаса да, машиналарға борттық нөмірлер тағайындалып қойылды. Мысалы, №RF-64535 борттық нөмірі бар Ту-214-ті Ресей Өнеркәсіп және сауда министрлігі иеленеді. Ал №RF-64536 және RF-64537 нөмірлі қалған екі авиалайнердің тапсырыс берушісі жарияланбады. 

Ресейлік мамандандырылған ақпарат құралдарының мәліметінше, үш Ту-214 арасынан 2023 жылы Өнеркәсіп министрлігіне арналған ұшақ қана азды-көпті дайын болыпты.

Басқа авиазауыттар ше?

Г.М.Бериев атындағы Таганрог авиациялық ғылыми-техникалық кешені (ТАНТК) 2023 жылы Бе-200 амфибия ұшағының 1 бірлігін жасауға міндеттелді. Оған Алжир мемлекеті тапсырыс беріпті. Әуе көлігі әлі күнге аспанға көтерілген жоқ.

Луховицкий авиазауыты 2022 жылдың желтоқсанында Ил-114-300 жаңғыртылған жолаушылар ұшағының 2-ші сынақ үлгісін құрастыруды аяқтаған еді. Бірақ содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, бұл әуе көлігі сол бойы бауырын жерден көтермеді.

2023 жылғы 1 қарашада Воронеж авиазауытының (ВАСО) аэродромында Ил-96-400М атты ресейлік ұшақтың сынақ үлгісінің тұңғыш ұшырылымы жүзеге асырылды. Бұл оқиғаны ресейлік телеарналар мақтауын жеріне жеткізе, дәріптеді.

Өйткені "Ил-96-400М кеңфюзеляжды, алыс магистральды жолаушылар ұшағы толығымен ресейлік өндірістегі құрауыштардан құралған". Жаңа авиалайнерде Ресейде жасалған ПС-90А1 қозғалтқыштарының төртеуі орнатылған.

Қозғалтқыш модификациясы соғысқа дейін, 2007 жылы сертификатталған екен. Ил-96-400М ұшағын жасау 2018 жылы басталды. Содан бері ұшақтың құны тоқтаусыз қымбаттаумен болды. 2022 жылдың басында оны әзірлеу құны бастапқы бағасынан (7 миллиард рублден) 20% өсті. Кейін 8,5 миллиардқа бағаланды. Ақырғы күні бұдан еселеп артуы мүмкін.

Ресейлік авиасарапшы Юрий Пономаревтің айтуынша, Ил-96-400 алыс магистральды ұшағын жасау жобасының әрі қарайғы тағдыры әзірге белгісіз.

"Телеарналардан паш етілген көркем көріністермен, жалаң жарнамамен аяқталғанға ұқсайды. 2030 жылға дейінгі Ресейдің авиакөлік саласын дамытудың кешенді бағдарламасында Ил-96-400М маркалы кеңфюзеляжды алыс магистральды отандық ұшақты сериялық өндіру туралы бірде бір сөз жоқ. Ұшақ тек 1 экземплярда ғана жасалады деп айтуға болады. Кешенді бағдарламада ескі Ил-96-300 маркалы ұшақтардың сериялық өндірісін жалғастыру ғана қарастырылған. 2030 жылдың соңына дейін олардың 12 бірлігі шығарылады деп жоспарланған", – деді сарапшы.

Осылайша, толық аяқталып, иесіне тапсырылмағандарын қоса алғанның өзінде, 2023 жылы Ресейде 9 ұшақ қана құрастырылды. Салыстыру үшін келтірсек, Украинамен соғысының алғашқы жылында, 2022 жылы Ресей 16 ұшақ жасай алған екен. Оған дейінгі көрсеткіштері қандай? 2017 жылы – 41, 2018 жылы – 35, 2019 жылы – 23, 2020 жылы – 20, 2021 жылы – 19 жолаушылар мен жүк тасуға арналған ұшақ шығарған еді.

Шетелдік түгіл, ресейлік сарапшылар да авиақұрастыру саласының енді еңсе тіктей алатынына сенбейді.

"Батыстың қатаң санкциялары жағдайында ресейлік авиаөнеркәсіптің "екінші тынысы" ашылады және ол екпінді қарқынмен қайтадан өндіріске кіріседі деу – аңғалдық қана емес, өзіңді-өзі алдау болады. Елімізде жеткілікті ресурстар жоқ. Қаптаған санкциялар жағдайында даму үшін Ресейдің қолында бардан әлдеқайда зор ресурстар талап етіледі. Егер ахуал әрі қарай құлдырай берсе, 5-7 жылдан соң толығымен қытайлық ұшақтарға көшеміз. Өйткені Ресей – ұлан-ғайыр. Оның әр түкпірін бір-бірімен байланыстыру, жолаушыларды тасу үшін қандай да бір әуе көліктері қажет", – деді авиасарапшы Юрий Пономарев.

Көршінің бұл саласының сабағы әлемнің алдыңғы қатарлы, озық елдерімен ынтымақтастықта, стратегиялық серіктестікте дамудың мемлекет үшін өмірлік маңыздылығын көрсетеді.

ҚазАқпарат