Корея қазақстандықтарды квотамен кіргізеді

Корея қазақстандықтарды квотамен кіргізеді
фото: sputnik.kz

Корея жұмысқа баратын қазақстандықтарды квотамен ғана кіргізеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлімдеді.

Бүгінде Корея тура сондай тәртіппен басқа елдердің азаматтарын кіргізеді. Қазақстан үшін де квота енгізіледі.

"Осы айдың 25-26-сы аралығында консулдық келіссөздер өтеді. Қазақстан делегациясының құрамында мен де бармын. Басқа мамандармен бірге Сеулге барып, осы мәселені талқылаймыз. Қазіргі кезде Корея 16 мемлекетке еңбек квотасын беріп отыр. Енді Қазақстанды да 17-ші немесе 18-ші болып, квота алатын мемлекеттерге қосу қарастырылған", - деді Испанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, квота алатын адамдар алдымен дайындық курсынан өтеді.

"Ол жердегі әдеп-ғұрып, тіл, жүріп-тұру тәртібі, олардың заңдары бар. Соған үйретеміз. Содан кейін ғана жұмыс істейді. Ең бастысы, өз біліктілігін көтереді", - деп атап өтті Испанов.

Айта кетері, Қазақстан Кореядан 50 мың квота алуды жоспарлап отыр.

Қазақпарат