Көпбалалы аналарға арналған үйлер шала салынған

Көпбалалы аналарға арналған үйлер шала салынған
фото: egemen.kz
 
 

2 мыңға жуық тұрғынның кезегі бұзылған

       Ел ішіндегі қайғылы оқиғадан кейін, Үкімет көпбалалы ата-аналарға барынша көмектесуді тапсырған еді. Осы ретте Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың кезінде көпбалалы отбасыларға арнап қала сыртынан коттедж қалашық салған еді. Облыс екіге бөлініп, қалашық Жетісуға тиесілі болған шақта өңірлік прокуратура өкілдері сол көпқабатты үйлердің астында шикілік жатқанын анықтаған. Яки өңірде мыңға таяу баспана заңсыз беріліп, пәтер кезегі заңсыз алға жылжыған. Соның салдарынан 2 мыңға жуық тұрғынның кезегі бұзылып, жүйе толығымен ретсіз қаланған. Нағыз мұқтаж жандар далада қалып, таныс-тамыр тапқандар оңай олжаға ие болған.

       Өткен айда облыстың бас прокуроры Мадияр Басшыбаев ақпарат өкілдерімен кездескен де осы мәселе бойынша тексеру жұмыстары жүргізілгенін алға тартқан еді. Тіпті, сырты көз сүйіндірген зәулім нысандардың сапасы сын көтермейтінін де айтқан.

       Бүгінде облыс прокуратурасы Талдықорған әкімдігімен бірлесіп 750 пәтерді заңдастырып, 1400 адамды кезекке қайта қойылған. Оның үстіне электронды кезек те жолға қойылып, көпжылғы мәселенін шешімін табудың жаңа жолы қарастырылған. Өкінішке қарай, осы іске қатысы бар 3 әкімдіктің лауазымды тұлғасы мен техникалық қадағалауды жүзеге асырушы 2 маманның қамауға алынған.

Мемлекет мүлкін талан-таражға салған

       Баспана мәселесіне үңілсеңіз, жемқорлықтың нағыз қазанына бас сұғасыз. Оның басында лауазымды қызметкерлердің тұрғаны да жасырын емес. Қазір облыста мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу және сыбайлас жемқорлық әрекеті де азаймай тұр. Мәселен, құзырлы орган қызметкерлері 16,5 млрд теңгені қолды қылуға ұмтылғандарға қатысты 5 қылмыстық іс қозғап, осы іске қатысты 15 тұлға құқық қорғаушылардың құрығына түскен. Тіпті, соңғы мәліметерге сүйенсек, 420 млн теңгені қонышына тыққан 5 тұлға құрықталып, 2 қылмыстық іс қозғалған. Облыстық прокуратураның белсене араласқанының нәтижесінде 2 жүз млн астам қаржы мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Қазір, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

       Шынында, соңғы уақытта өңірде үйге қатысты мәселелер желдей гулеп кетті. Заңсыз берілген үйлер, оны заңдастыра алмай дал болған адамдар, кезегі жоғалған ата-аналар, баспанасына тіркеле алмай жүрген тұрғындар осының бәрі Алматы облысынан қалған күрмеуі қиын мәселеге айналып тұр. Мың заңсыз пәтердің басым көпшілігі заңдастырылған, яки 541 – пәтер иесіне рәсімделсе, қалғаны мемлекеттік органдар балансына берілген.

       Қазір, өңірде осы пәтерге қатысты жайттар анда-мұнда бой көтеріп тұрады. Себебі, облыс әкімдігі шама бар тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Өткен былықты 1 жылда ретке келтіру мүмкін емес. Оған кінәлі тұлғаларда қазір мұнда жоқ. Сондықтан халықтың Жаңа Қазақстанға сенуден басқа амалы жоқ.