Коммуналдық тарифтер бағасы қымбаттады

Коммуналдық тарифтер бағасы қымбаттады
фото: https://www.pexels.com/

Әлеуметтік желілерде адамдар түбіртектерін жариялап жатыр.  

Қазақстандықтар коммуналдық қызметтердің жаңа тарифтеріне наразы. 

Баға өсімі негізінен жылу, жарық және суға қатысты болып отыр. Ал жалпы сома орта есеппен бір жарым есе өсті. Мұндай жағдай немен байланысты және қазақстандықтарды алда не күтіп тұр.

Қаңтар айында келіп түскен квитанциялар әлеуметтік желілерде үлкен дау-дамай тудырды. Халық тарифтер бағасының шарықтағанын жарыса айтып, наразылықтарын білдіріп жатыр. Негізінен жылу, жарық пен су бағасы өскен. 

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, тарифтер алдағы уақытта да өсе бермек. Бұл табиғи экономикалық процесс. Оның айтуынша, қазір елде "инвестиция орнына тариф" бағдарламасы жұмыс істейді. Қызметтердің құны мемлекет тарапынан реттеледі және өсім тек негізделген жағдайларда болады.

"Бұл процесс "реттелетін тарифтер" деп аталады, аты айтып тұрғандай мемлекет бағаны реттейді. Ыңғайы келген кезде, қажеттілік туындағанда мемлекет кезең-кезеңімен, біртіндеп баға құнын ақылға қонымды деңгейге дейін көтере алады. Оның барлығы қызмет көрсететін ұйымдар сапалы әрі уақтылы жұмыс істеуі үшін жасалады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Алайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметтері бойынша, өткен жылы ғана Энергетика министрлігі тарифті ешқандай келісімсіз 3 есе арттырған. Ақыры қарапайым қазақстандықтар қалтасына салмақ түсіп, бәрібіп тарифке төлеуге тура келді. Мұндай жағдайда тіпті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде де "қол қусырып отыр".

"Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй шығындарын төлеуді қамтамасыз етеді. Егер белгілі бір отбасының тарифтерге төлем жасауға қалтасы көтермесе, олар осы көмекті тағайындау үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады. Содан кейін оларға тиісті көмек тағайындалады", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Жыл басынан бастап енгізілген жаңа тарифтерден басқа, ақпан айынан бастап суды пайдалану және жылыту есебі өзгертіледі. Олардың түпкілікті құнға қалай әсер ететіні наурыз айының түбіртектері көрсетеді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті үнемдемейтіндер ғана көп төлейді деп отыр. Ал барлық үстемелер, сайып келгенде, коммуналдық желілердің тозуын азайтуға көмектеседі.

https://inbusiness.kz/