ЮНЕСКО қазақстандық «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін өзінің дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосты. Мұндай шешім ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-сессиясында қабылданды.
Қазақстандық «Көлсай көлдері» өтінімінің елдегі және әлемдегі күрделі эпидемиялық шектеулер жағдайында дайындалғандығы ерекше назар аударуға тұрарлық. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Ұлттық желісі тағы бір биосфералық резерватпен толықтырылды.
Осылайша, бүгінгі таңда ЮНЕСКО ұлттық желісінің Қазақстандағы биосфералық резерват саны – 13. Бұл сан Орталық Азияның басқа елдердегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Биосфералық резерваттар көлемінің осылай танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударғанын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын айғақтайды, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через