Көлік шығарушы компаниялар электромобиль өндірісінің көлемін арттырмақ

Көлік шығарушы компаниялар электромобиль өндірісінің көлемін арттырмақ

       Әлемде көлік шығарушы алпауыт компаниялар электромобиль өндірісінің көлемін арттыруға ден қойды. Жақында Toyota концерні су жаңа электрокарлар жасауды қолға алатынын жарияласа, Nissan мен Renault осы мақсатта Үндістандағы өндіріс ошағына қомақты инвестиция құймақ. Ал Еуроодақ бензин және дизельмен жүретін көліктерден бас тартып, электромобильге көшуді тездету үшін жаңа заң қабылдады.

Жаңа электромобильдің артықшылығы көп

       Әлемге әйгілі «Toyota» бірлестігі 2026 жылға таман электромобильдердің жаңа буынын нарыққа шығармақшы. Бұл туралы жақында концерн басшылығын қолға алған Кодзи Сато мәлімдеді. Су жаңа электромобиль танымал «Lexus» брендімен жарыққа шығады. Компания оған қажетті бөлшектердің бәрін өзі өндіретінін айтып отыр. Бірлестік өзге де электрокарлар өндірісін арттыруға ниетті.  

Үндістан электромобильге басымдық берді

       Ал жапондардың тағы бір алпауыты «Nissan Motor» «Renault» концернімен бірге Үндістандағы өндіріс ошағын кеңейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта 600 млн доллар инвестиция құймақшы. Оның аясында 4 спорттық көлік және 2 жаңа шағын электромобиль шығару жоспарланған. Бұл қос компанияның Үндістанда бірлесіп жасайтын тұңғыш электрокарлары болмақ. Жоба аясында 2 мың жаңа жұмыс орынын ашу жоспарланған. 

Алпауыт концерн 3500 жұмысшысын қысқартады 

       Ал америкалық «Ford» компаниясы Еуропада электромобиль өндірісін дамытуға ниетті. Бірақ бірлестік ол үшін кәрі құрлықтағы 3,5 мың жұмысшысын қысқартуға мәжбүр. Бұл қадам бірлестікке электрмобильдерді шығару бойынша жаңа жобаларды дамытуға мүмкіндік бермек. Электромобильге көшу – заман талабы Еуропалық Одақ 2035 жылдан бастап бензин және дизельмен жүретін көліктерді сатуға тыйым салады. Еуропарламент осындай шешім қабылдады. Заң климаттың өзгеруімен күресті күшейтіп, электромобильге көшуді жылдамдату мақсатында бекітілген. Аймақта электрокарға арналған инфрақұрылымды дамыту қарастырылып жатыр.

Франс Тиммерманс, Еуропалық комиссияның вице-президенті:

       - Бізге келешекті ескеріп, көлік өндірісін қайта құрылымдауға бет бұруымыз қажет. Егер қазір осы бастаманы қолдасақ, өндіріс саласында үлкен өзгерістерге жол ашамыз.

       Ресей электромобильге сұраныс артты Ал былтыр Ресейге электромобиль тасымалы 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ке артқан. Дерекке сүйенсек, 2022 жылы көрші елге 3500-дей электрокар жеткізілген. Олардың жартысынан көбі – Tesla мен Volkswagen бірлестіктерінің өнімдері. Авторы: Дәурен Ақашұлы.

       Ақпарат дереккөзі