Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың ойынша,алдағы уақытта күтпеген жағдайлар болмаса, көлік бағасы арзандамайды. Сондықтан ол көлікті қазір сатып алуға кеғес беріп отыр.
Қазақстанда көлік қымбаттап барады. Қазір автосалонда да, автобазарда да баға шарықтап кеткен. Ескі көлігін сатқандар сол бағаға таңдап қойған көлігін ала алмай жүр. Содан тағы ақша жинауға мәжбүр. Ал алыпсатарлар инфляцияға, халықтың жағдайына қарамайды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков баға не себепті қымбаттап кеткенін түсіндірді. Сондай-ақ көлік таңдап жүрген адамдарға кеңес берді.
Жаңа көліктер неге қымбаттады?
"Негізі көлік бағасы жыл сайын көтеріліп келеді. Жаңа көліктер болсын, мінілгені болсын, шамамен 5-25 процентке қымбаттап отыр. Бүгінде кейбір ескі көліктердің бағасы одан да қатты шарықтап кеткен", - дейді Эдоков.
Сарапшының айтуынша, көлік саласындағы қымбатшылықтың бірнеше себебі бар. Біріншіден, пандемияның салдарынан зауыттарға көлік бөлшектерін жеткізу біраз қиындады. Мәселен кейбір компанияларға Қытайдан электроника құралдары уақытында жеткізілмеді. Содан автокөлік шығару жұмысы баяулады. Жаңа көліктің саны азая бастады.
"Мысалы қазір автосалонға барсаңыз, кейбір маркалар жоқ дейді. Екі-үш ай күту керек. Ал жаңа тапсырыс жаңа бағамен келеді ғой. Әрине инфляция да бағаға әсер етіп отыр. Соның садарынан көліктің бағасы тағы 5-10 процентке көтерілді. Өйткені автобөлшектерді көбінесе шетелдік валютаға сатып алады", - деп түсіндірді Эдоков.
Бұдан бөлек, былтыр металл бағасы күрт көтеріліп кеткен. Осыдан кейін көліктер де қымбаттай бастапты.
Мінілген көліктер арзандай ма?
Сарапшының айтуынша, мінілген көліктердің бағасына да инфляция әсер етеді. Бірақ негізгі фактор – ескі көліктердің азаюы. Ал нарық заңдылығына сәйкес, ұсыныс төмендесе, баға өседі. Себебі ол тауарға сұраныс төмендеп тұрған жоқ. Оған қоса, автосалондарда жаңа көліктердің саны азайды.
"Бізде ескі көлікті кіргізу үшін бюджетке утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу төлемін жасау қажет. Ол – үлкен ақша. Мәселен Германияда утилизациялық алымның көлемі 150-200 еуро, Жапонияда – 200 доллар, ал бізде 4 000 долларға дейін барады. Оны ешкім төлегісі келмейді. Сол себепті шетелден көлік әкелмейді. Демек Қазақстанда мінілген көліктердің саны біртіндеп азайып келеді. Сол себепті бағасы түсіп жатқан жоқ, керісінше, көтеріліп келеді. Себебі ондай көліктер аз", - дейді Эдоков.
Ал шетелден көлік көп келмегеннен кейін мінілген автомобильдер тез ескіреді. Қазірдің өзінде Қазақстанда жүрген шетелдік темір тұлпарлардың көбісі 20 жыл бұрын шығарылған.
"Бір қызығы, ондай көліктер техникалық тұрғыда ескірсе де, вино мен коньяк сияқты жыл сайын қымбаттап барады. Себебі сұраныс бар. Ал ұсыныс азайып келеді. Мәселен менің ұлым бір жыл бұрын 2 миллион теңгеге Subaru сатып алды. Иә, көлік ескі, бірақ қазір сатып алушылар оған 2,5 миллион теңге беруге дайын отыр. Осылайша мінілген көліктердің тапшылығы салдарынан баға өсіп тұр", - деді Эдоков.
Сарапшының ойынша, алдағы уақытта күтпеген жағдайлар болмаса, көлік бағасы арзандамайды. Мәселен рубльдің бағасы күрт төмендеген жағдайда ресейлік көліктер біршама арзандауы мүмкін. Бірақ ондай өзгерістің болуы екіталай.
"Мен соңғы бес жылда көлік бағасының түскенін көрмедім. Сондықтан мінілген жақсы көлік тапсаңыз, сатып алыңыз. Өйткені 1 миллион теңгеге алған көлігіңіз үш айдан кейін 1 миллион 200 мың теңге болады", - деп түйіндеді одақ басшысы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через